Мәдениет дегеніміз – адамзат баласының ақыл-ойы, маңдай тері, қажырлы еңбегі
Ә. Марғұлан
Қазақ халқының мәдениеті мен өнерін құрметтейтін барша қауымды "Мәдениет – ұлттың алтын арқауы" атты кітап көрмесін тамашалауға шақырамыз! Мәдениет саласына үлес қосқан бұрынғы мен бүгінгінің өнегесіне айналған өнердегі өз соқпағын салған әр тұлғаның өмір жолы кімді де болса қызықтырары сөзсіз.
Кітап көрмесі арқылы таза сахналық болмысын табиғаттан тапқан, өне бойынан өнерге құштарлық лебі ескен, таланттардың өмірі мен шығармашылығы туралы сыр шертетін болады.
Арқаның мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосып келе жатқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері, Қарағанды қаласының және Қарқаралы ауданының құрметті азаматы Рымбала Кенжебалақызын көп жұрт "Мәдениет министрі" деп атайды. "Өнердің Ұлпаны" деп ат қойған, ерекше құрметтеген белгілі сыншы, өнертанушы сырбаз да, сұңғыла Әшірбек аға еді.
Еңбек жолын мектепте мұғалімдіктен бастап, комсомол, партия қызметінде шыңдалған Р. Кенжебалақызы алдымен аймақтың мәдениет бөліміне басшы болып келді, одан соң Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін абыройлы атқарды.Облыс мәдениетін басқаруда 20 жылдай қызмет атқарып, "Омарбекова десе мәдениет, мәдениет десе Омарбекова" деген егіз ұғым қалыптастырды.
Аймақтың мәдениеті мен өнері ғана емес, барша еліміздің, ұлтымыздың мәдениетін өркендетуге аянбай тер төгіп, қажырлы еңбек еткен Рымбала Кенжебалақызын Қазақстанның рухани әлемінде жүрген өнер жұлдыздары, қарымды қаламгерлері бас иіп, сыйлап құрметтейді. Олардың қай-қайсысының да Арқаға келген өнер сапары ол кісісіз өтпейді.
Қарағандыдағы бірден-бір мемлекеттік "Сарыжайлау" кинотеатры соңғы жылдары Р. Кенжебалақызының бастауымен дамып келе жатқан қазақ киноиндустриясының өнімдерін, қазақ фильмдерін насихаттап, кең таныстыруға айрықша үлес қосуда.
Міне, осы ерекше тұлға туралы Алматы қаласының "Елеулі есімдер" сериясымен "Үш қиян" баспасынан 2019 жылы жарық көрген "Рымбала Омарбекова" атты кітап.
Сонымен қатар көрмеде қойылған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы бойынша шыққан "Қазақ мәдениеті" энциклопедиялық анықтамалығында еліміздің мәдени өміріндегі оқиғалар жүйеленіп берілген.
Т. Ғабитовтың "Қазақ мәдениетінің рухани кеңістігі", 2013 жылы Алматы қаласының "Рарирет" баспасынан шыққан ғұмырнамалық басылымы Қазақстан мәдениетінің бүгіні мен болашағына мәдени-философиялық талдауды суреттейтін болса, мерзімді басылым "Театр.kz" қазақ театрының сахна саңлақтары жайлы жан-жақты сөз етеді.
Бұл көрменің басты мақсаты – оқырмандардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, өнер туралы әдебиеттерді насихаттау, талғамы биік оқырманды қазақ мәдениетімен етене таныстыру.
Көктемгі аспандай таза, тұма бұлақтай мөлдір өнер иелерінің шығармашылығымен толық танысқыларыңыз келсе кітапханамыздың өнер туралы әдебиеттер бөліміне КЕЛІҢІЗДЕР!
Көріңіздер! Оқыңыздар! Біліңіздер!