Отбасы қоғам мен тұлға үшін әлеуметтану үрдісі іске асатын, дәстүрлер сақталып әрі жаңарып отыратын, азаматтылықтың бастауы қалыптасатын маңызды орта болып табылады. Соңғы жылдары отбасы мәселесі тек әлеуметтанушылардың ғана емес, сонымен қатар көптеген елдердегі кең қоғамдастықтың назарына ілініп отыр.

Батыс елдерінде ХХ ғасырдың 50 жылдарынан бастап отбасы жүйесінің ықпалы кең көлемде қарастырылып, таныла бастады.

Отбасы – біздің әрқайсымызға ғұмыр бойы сүйеу болатын, негізгі, әлеуметтік қауымдастық. Шетелдік әлеуметтанушы Р.Хиллдің көзқарасынша "Отбасы – сыртқы факторға байланысты міндеттерді атқаратын және ішкі қажеттілікті қанағатттана өтейтін бірлік болып табылады".

Кітапханамыздың оқу залдары бөлімінде "Халықаралық Отбасы күні" мерекесіне орай "Отбасы - тәрбие бастауы" тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде "Қазақстан Республикасының Конституциясы", "Қазақстан Республикасының Неке (ерлі зайыптылық) және отбасы туралы" кодексі, "БҰҰ – ың бала, әйел және білім туралы" құжаттары, А.Ж. Мұқажанованың "Қазақстан Республикасының отбасы саясаты: ұлттық және жалпыадамзаттық мәселелер" атты кітаптары көрме мазмұнының ерекшелігін ашып тұрғандай.

Бүгінде қазақстандық отбасылардың әл-ауқат деңгейін көтеру мемлекеттің басты мәселесі болып отырғаны көңіл қуантарлық жайт. Астанада өткен "Нұр-Отан" партиясының ХYІІІ съезі материалдарымен "Егемен Қазақстан" газетінде 2019 жылы 28 ақпан күні жарық көрген "Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі" атты мақаладан таныса аласыздар. Елбасы атап өткендей, жүргізіліп жатқан реформаның нәтижесін әрбір отбасы алыс болашақта емес, дәл бүгіннен бастап сезінуі тиіс.

З.Шаукенованың "Отбасы институты – Қазақстан Қоғамы тұрақтылығының факторы", Ф.Бизақова мен Ш. Мамашбаеваның "Отбасылық дағдарыс психологиясы" сынды кітаптары заманауи қазақстандық отбасының даму үрдістеріне қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған. Сонымен қатар әлем елдері отбасы мәселелеріне арналған кітаптар да көрме мазмұнын байыта түсері сөзсіз. Мысалы: А. Некрасовтың "Отбасы. Бақытты өмір энциклопедиясы", Н.В. Бикбулатов пен Ф.Ф. Фатыхованың "Семейный быт башкир", И.А. Латышевтың "Семейная жизнь японцев", "Брак у народов Центральной и Юго – Восточной Европы", О.А. Ганцкаяның "Польская семья" атты кітаптары әлем халықтарының да тұрмыс тіршілігі мен отбасылық өмірімен танысуға мүмкіндік береді. Отбасы мәселесі - қоғамдық мәселе болғандықтан мерзімді басылымдар да өз үлесін қосары сөзсіз. Көрмедегі "Отбасым" журналы мен "Индустриальная Караганда" газетінде жарияланған "Пусть вечным будет мир в семье", "Үкілім - ай" журналдарында жарияланған "Отбасы қандай болуы керек?" атты мақалалар да отбасы - ошақ қасы жайлы мәселелер көтереді.

Құрметті оқырман! Барлық уақытта отбасы - мемлекеттің, қоғамның тірегі. Тірегіміз берік те дұрыс болсын!

Қоғамдық құндылықтар жөнінде хабардар болғыңыз келсе, кітап көрмесімен танысыңыз.

 Оқу залдары бөлімі, кітапханашы Айтбаева К.