[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/2019_gromkie_chteniya1 is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын күллі әлемге танытқан қасиетті соғыс болса, Ұлы Жеңіс мерекесі – аға ұрпақтың сол ұлы ерлігін мәңгілік ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.
2019 жылдың 2 мамыр күні Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығына орай дәстүрлі "Дауыстап оқу" акциясы өтті.
Акция мақсаты – тарихи өткенге құрмет көрсету, соғыс тақырыбына жазылған шығармаларды мәнерлеп оқыта отырып, ҰОС жылдарындағы борыш, ерлік, батырлық сезімдерін оқушылар көкейіне ұялату, Отанын қорғауға патриоттық түрде дайын болуға тәрбиелеу.
Аталмыш шара әдеттегідей Отан соғысының оқ бораған даласында ерлік көрсетіп құрбан болған қаһармандардың құрметіне бір минуттық үнсіздікпен басталды. Шараға белсене қатысқан №45 мектеп-гимназиясының оқушылары (Графкина Диана, Дугиев Алихан, Петровец Валерия, Малахов Данил, Фазылова Виолетта, Мухатжанова Лаура), №65 мектеп-гимназиясының оқушылары (Кроль Елена, Сутягина Виолетта, Ақан Ақбаян, Цепрунов Сергей, Хасиева Амина), Жамбыл атындағы облыстық №7 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары және "Жыр-Жауһар" поэзия клубының мүшелері (Шынаров Олжас, Мұхтархан Жансая, Төлеуғазы Ақнұр, Ермек Гүлсім) бабалар рухына бас иіп, тағзым етті. Шара барысында Ұлы Отан соғысы жайында жазылған ең үздік шығармалар, соның ішінде, Қ. Аманжоловтың, К. Симоновтың, С. Мұқановтың, Т.Жароковтың, Қ. Қайсеновтың, А. Твардовскийдің, Б. Васильевтің, М.Шолоховтың туындылары, С. Жиенбаевтың Кеңес Одағының батыры, біздің жерлесіміз Нүркен Әбдіровке арналған "Қайран шеше" поэмасынан үзінділер және де майдан хаттары оқылды.
{gallery}material/news/2019_gromkie_chteniya1{/gallery}
Акцияны біздің оқырмандарымыз да қолдады. Ергина Мария Симоновтың туындысын оқыса, Ширинкин Виктор мен Голобородько Вера соғыс тақырыбына жазылған өз туындыларын оқыды. Сұрапыл соғыстың батырлары туралы жазылған құжаттар мен еңбектерді абонемент бөлімінің қызметкерлері кітап көрмесіне жинақтады.
"Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз" - деп Қасым ақын айтқандай, дүниеге ажал шашқан фашизм өртін сөндірген майдангер ақындардың ұрыс даласында жазылған өлеңдерін оқыған шараның қатысушылары Жеңіс туын аспандатқан асқақ рухты аталары мен әкелеріне, асыл аналары мен аға-апаларына тағзымының шынайы белгісін көрсетті. Жүргізушілер жиналған оқырмандарға ерлік пен рухтың үлгісі соғыс туралы кітаптарды өз еркімен оқу және әлеуметтік желіде кітапхана хэштегімен пікірін қалдыруды ұсынды. Кеш соңында естен кетпес ерлікті қастерлеген қатысушылар естелік суретке түсті.
Абонемент бөлімінің сектор басшысы Ахмадиева А.С.