Көтеріп моншақ аңғар да,

Көгілжім тартып таулар да,

Шалқытып сағым баулар да,

Наурызым келді бар маңға,

Наурызым келді бар жанға...

Наурыз - көне мейрам. Қазақ халқында Ұлыс күні - жыл басы. Жер–Ана бусанып, көктемнің лебі білінетін мезгіл әрқашан қасиетті де киелі саналған. Ескі ай аяқталып, Жаңа ай туатын Наурыздағы өліарада  Қыс аяқталып, Жаз басталмақ. Түн мен Күн теңеліп, жылылық пен жарық мерзімі - күндізгі уақыт ұзармақ. Осы мезеттен бастап, жан жануарға ,өсімдікке жан бітіп, қар кетіп, су ағып тіршілік түлемек. Осы күнді "Жаңа жылдың басы, жаңа өмірдің басы" деп тану халық даналығы деуге лайық.

Бүгінде Наурыз мерекесі – жай ғана жыл басы немесе мерекелік рәсім емес. Азаттығымыздың рухани айғағы. Халқымызды рухынан ажыратпайтын, жігеріне жігер, салтанатына салтанат үстейтін мереке. Наурыз – халықтар достығының, ұлт бірлігінің, қамқорлық пен қайырымдылықтың, имандылықтың, игі бастамалардың жарқын көрінісіне айналған.

Ұлы мерекеміздің мемлекеттік мәртебе алып, ресми мерекелене басталғанына да 20 жылдан асыпты. Осыған орай оқу залдары бөлімінде Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне арналған "Наурыз – береке бастауы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Көрмеде Наурыз мейрамына қатысты танымдық материалдар, ұлттық салт- дәстүр, әдет–ғұрып, қолөнер бұйымдары жайлы ақпарат беретін әдебиеттер топтастырылған. Әз Наурыздың тарихынан сыр шертетін әрі осы мерекені тойлаудың маңызы мен қыр-сырын әңгімелейтін М. Жанболатұлының "Наурызнама", С. Ерғалидың "Нау мен ырыс" атты еңбектерімен таныса аласыздар. "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында жарық көрген "Қазақ халқының дәстүрлері мен әдетғұрыптары: біртұтастығы және ерекшелігі", халқымыздың дүние танымы, сенімі, сезімі, адамгершілік болмысының негізін, саралайтын  Ж. Кейкіннің "Қазақы атаулар мен байламдар" атты еңбегі қара сөзді қастерлейтінәрбір қазақтың жүрегінен орын алатын шығарма, "Өнер" баспасынан жарық көрген Ө. Жәнібековтың "Қазақ киімі" атты альбомы көненің көзі қазақы киімдерге арналған еңбек, этнография саласындағы маңызды кітаптардың бірі.

Қазақтың бауырмалдық, қонақжайлылық, сыйластық мінез - құлықтарын көрсететін әрі атадан балаға жалғасқан мәңгілік өміршеңдігін насихаттайтын "Қош келдің, Наурыз!", С. Кенжеахметұлының "Жеті қазына", К. Сегізбайұлының "Қазақы дастархан", Г. Ерахметтің "Наурыз айы туғанда" атты әдебиеттер көрме мазмұнын толықтыра түседі. Ш. Байділдәұлының "Қазақтың ою–өрнектері" атты альбомынан ұлт өнерінің терең дәстүрлері негізінде жасалған ою-өрнектердің озық үлгілерімен таныса аласыздар. Сонымен қатар, "Дәстүр", "Парасат" журналдары мен "Орталық Қазақстан", "Индустриальная Караганда" газеттер беттерінде жарық көрген мақалалардан көп ұлтты елімізде, облыс көлемінде Наурыз мерекесін тойлау барысы жайлы жазылған мақалаларды оқуға мүмкіндіктеріңіз бар.

Құрметті оқырман, Ұлыстың Ұлы күні Әз Наурыз құтты болсын! Наурыз оң болсын!

Ақ мол болсын! Қайда барса жол болсын!

Наурыз мерекесінің сән–салтанаты жайлы білгіңіз келсе, оқу залындағы

кітап көрмесімен танысыңыз!

Оқу залдары, кітапханашы Айтбаева К.Т.