Көктем жетті көрісіп, жанын үзген,
Қыс аттанды қоштасып тағы бізбен.
Көктем жетті көл-көсір шуақ қуып,
Қыс барады қиылып, жылап тұрып.
Шатырында үйлердің наурыз жүр,
Мұз көргісін ақпанның лақтырып." - дейді Мұқағали Мақатаев. Ақын жырлағандай шадыман шаттығын жетелеп Көктем де келді. Алла нәсіп етіп, тағы бір Амал айымен, тағы бір Көктеммен, алыс-жақындағы ағайынмен қауышуға жазды. Жылда асыға күтетін Ұлыстың Ұлы күні — жайма шуақ Наурыз биыл да табалдырығымыздан аттады. Ежелден келе жатқан көктем мезгілінде тойланатын бұл мереке ырыстың, береке мен молшылықтың, бірліктің, бейбітшілік пен көктемгі жаңғырудың мерекесі, ол әрбір қазақстандық үшін қымбат. Қоғамда бейбітшілікті, келісімді, достықты нығайтуда оның атқарар рөлі ерекше екені сөзсіз,
2019 жылдың 17 наурызында кітапханамыздың білім орталығында "Жыр-Жауһар" поэзия клубының "Әз Наурыз елге құт боп ен..." атты мерекелік шарасы өтті.
Шараның мақсаты – ертеден мерекеленіп келе жатқан мейрамды қарсы алу, ата дәстүрін қайта жаңғырту.
Қардың еріп, көктің шыға бастайтын бұл кезді жыржауһарлықтар қуана қарсы алды. Үлкен мен кішінің аузы аққа тиіп, бәрі зор қуанышқа ие болды. БІлім орталығындағы көрініс – қаз-қатар жасау-жабдығы келiсіп тігілген киіз, қазақы дастархан мен ұлттық киімдер, кең кереге қазақтың кербез сәні мен салтанытының айғағындай. Дүбірлі тойдың белгісі ретінде, ақ түйенің қарны жарылған күннің дастарханы жайылып, мерекенің думанын қыздыры түсті. "Жақсыны көрмек үшін" дегендей, клубымыздың алдыңғы буымен жасжыржауһарлықтар сағына көрісті. Шара барысында әсем әннен шашу шашылып, күй төгілді. Жиналған жастар ұлттық танымға байланысты сұрақ-жауап ойындарына қатысып, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерден көрініс қойып көңіл марқайтты.
Жыржауһарлықтар кітапхана оқырмандарын да келе жатқан мерекесімен құттықтап, қонаққа шақырды. Клуб қонақтары тек мейрам жөнінде ғана емес, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдары жөнінде білуімен шектелмей, киіз үйдегі бай дастарханнан дәм татты. Наурыз дастарханында көпшілік наурыз – көже, шұбат, қымыз, қазы-қарта, құрт, сүзбе, ірімшік және тағы басқа да ұлттық тағамдардан ауыз тиді. Келген қарияның бірі:
"Ақ тілек бейбітшілік аман болсын!
Елім, жұртым қадірлі аман болсын!
Туғандай бір анадан жамағаттар
Достыққа берік, мықты адал болсын!
Наурыз мейрамы құтты болсын!
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Қайда барсақ жол болсын!
Ұлы халқым тоқ болсын!
Қайғы уайымы жоқ болсын!
Қуаныштары көп болсын!" деп ақ батасын берді.
Ежелден жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз - Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін. Ел тыныш, туған жер аман болып, арайлап атқан әрбір таң шат көңіл, бақыт және береке сыйласын. Ақ мол, жыл ырысты болсын!
Абонемент бөлімінің кітапханашысы Жоламан Төлеутайұлы