16 қаңтар күні оқу залдары бөлімінде қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі, ақын, қоғам, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің (Сәдуақас) 125 жылдығына орай "Сәкен Сейфуллин – сыншыл азамат және ардақты ақын" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

20-шы ғасырдағы қазақ әдебиеті, әсіресе қазақ поэзиясы Абайдың ақыңдық мектебінің әсер-ықпалымен өркендеді. С.Сейфуллин - лирик ақын. Алаш идеясын, яғни қазақ елінің ұлттық мұрат - мүддесін қорғау жолында күрескен азамат-ақын.

С.Сейфуллиннің шығармашылығына және Алаш идеясы мен ол идеяны өз қызметіне арқау еткен тұлғаның еңбектері мен тағдырына арналған кітап көрмесінде атақты ақын, жалынды жазушының 2005 жылы жарық көрген көп томдық шығармалар жинағы кітап көрмесінен орын алды. Жинақта қазақ поэзиясының мазмұнына шығармашылық төңкеріс жасаған ақынның толғаулары мен поэмалары, барлық повестері хронологиялық жүйемен жинақталып берілген. Сондай-ақ әр жылдары жазылған әңгімелері мен публицистикасы топтастырылған. Бұл жинақтың 13-ші томына оның поэзиялық және прозалық шығармаларында заман шындығының көрініс табуы, ақынның зерттеу еңбектері іріктеліп енгізілген. 2003 жылы жарыққа шыққан көп томдық шығармалар жинағының 1,2-ші томдық кітаптары мен "Тар жол, тайғақ кешу" атты тұңғыш роман-эссесімен қазақ және орыс тілдерінде таныса аласыздар.

Кітап көрмесінде С.Сейфуллин  жөнінде жарты ғасырдан бері талай ізденіп, он шақты кітап шығарған профессор Т.Кәкішевтің "Сәкен сүйген арулар" атты эссе-кітабы, "Ескірмейді естелік", "Дала дауылпазы" еңбектері даланың қызыл қыраны, жаңа заман әдебиетінің жаңашыл серкесі болғандығы жайлы ой толғайды. Зерттеуші - ғалым, сыншы С.Қирабаевтың "Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет", "Сәкен Сейфуллин" атты естеліктер кітабы, мемлекет қайраткері С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығының кейбір беймәлім тұстары жайлы сыр шертетін мұрағат деректеріне сүйене отырып жазылған А.Кәкеннің "Сәкен Сейфуллин", қуғын-сүргін жылдары Ішкі істер халық комиссариаты тарапынан көрген қиыншылықтары жайлы сыр шертетін "Қазақтың Сәкені" кітаптарымен танысуға болады. К.Камалиеваның "Сәкен Сейфуллиннің ағартушылық қызметі" және С.Сейфуллин жайында белгілі ақын-жазушылардың естеліктерінен тұратын "Қызыл сұңқар" атты кітаптармен көрме мазмұны толықтырыла түсті.

Мерзімді басылым "Дәстүр" журналының 2014 жылғы №5 санында жарық көрген ақын Т.Медетбектің "Сәкен Сейфуллин" атты өлеңі және басқа да мақалалар ұлы ақынның адамгершілік қырының бір сарасын ашып тұрғандай.

Құрметті оқырман, Ұлы даланың дауылпазы, кемеңгер ақын жайлы ой толықтырғыңыз келсе, кітапханамызға келіпкітап көрмесімен сондай-ақ, кітап қорындағы жаңа кітаптармен таныса аласыздар!

Оқу залдары, кітапханашы

Айтбаева К.Т.