Тұрғанда сайда жортқан ізі қалды,
Ұмытылмас өмірде ізі қалды.
Өлмейтін, өшпейтұғын, жойылмайтын
Өсиет, жазған өлең, сөзі қалды, - деп
әлемдік ой алыбы Шәкәрімнің ұлы Ахат Шәкәрімұлының айтқанындай, ғасырларға пара-пар ұзақ жылдардан соң өзі сүйген, өзін сүйген халқына Абай атамыздың ақын інісі, шәкірті, ізбасары Шәкәрім Құдайбердіұлы оралды. Шәкәрім шығармаларының қайнарын зерттеуде, зерделеуде осы күнге дейін қанша жұмыс жасалса, одан сан есе көп жұмыстар өз кезегін күтіп тұрғаны белгілі. Ол-өзі өмір сүрген ортаның қиындығы,саяси ахуалдың шиеленіскеніне қарамастан көп еңбектенген ақын Шәкәрімнің ақындық кредосы туған елінің өсуі,өрлеуі,көркеюіне қызмет етуге "мен жетелеп өлемін өрге қарай қазақты" деген ірі мақсатқа,мүддеге сәйкес келеді. Сөз өнерінің құдіретті күші арқылы ақын қазақ қоғамының жақсаруына,адамдардың жеке басының жетілуіне әсер етуді көздеген.
Келіп жеткен сәуір айының 2-ші жұлдызында кітапхана қызметкерлері жыл сайын өткізілетін "Бір ел – бір кітап" акциясы бойынша таңдап алынған барлық елге бірдей оқылу үшін үш кітап – Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" повесі, Немат Келімбетовтың "Үміт үзгім келмейді" хикаят-монологын таныстыру мақсатында "Фемида" заң колледжінің студенттерімен кездесіп қайтты. Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің қызметкерлері Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы жөнінде әңгіме жүргізіп, қызу талқыға салды. Әңгіме барысында студенттер ақынның өлеңдері мен поэмаларына жаңашыл көзқараста баға беріп, өз ойларымен бөлісті.
Кездесу барысында жастардың ақынның өмірбаяны мен дастандарына қатысты қызығушылықтары сұрақ қоюларынан байқалды. Әсіресе, М. Әшірбекова, Р. Бауыржанұлы есімді студенттердің ақынның өлеңдерін мәнеріне келтіре оқулары көңіл қуантып, көз марқайтты.
Танымдық бағытта өткізілген бұл іс-шарада студенттер берілген ақпараттардан алған әсерлерін ортаға салып, өз белсенділіктерін көрсете білді.
Құдайберген А.Е., Өнер туралы әдебиеттер бөлімінің қызметкері