Еліміздің түкпір-түкпірінде кезекті "Бір ел - бір кітап" республикалық акциясы бойынша әртүрлі іс-шаралар жүргізіліп жатқаны сөзсіз.
Акция елімізде 2007 жылдан бастап халықтың қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын туғызу мақсатында өткізіліп келеді.
Акцияның негізгі мақсаты – қазақ әдебиетін дәріптеу, қоғамның оқуға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ жастардың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту болып табылады. Биылғы 2017 жылдың ЖЫЛ КІТАБЫ ретінде Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармалары таңдалған болатын.
Заманынан басы озық ақын, сұңғыла жыр сұлтаны Сұлтанмахмұт Торайғыров – өзі өмір сүрген уақыттың ғана емес, келер замандардың да сөзін кемеңгерлікпен кең толғай кеткен бір кемел. Қазақ қоғамын ар азығы мол өркенді елдер қатарына қосуды көксеген Торайғыров толғаныстары бүгін де көкейкесті.
Осыған орай, қазанның 29 күні "Бір ел - бір кітап" акциясы аясында кітапхана қызметкерлері іс-шараны кітапханамыздағы "Жыр–Жауһар" поэзия клубымен бірлесе ақпараттық сағат түрінде өткізді. Жүрегі "қазақ" деп, "поэзия" деп соғып, шараға келген жастарға "Ұлт ақыны – Сұлтанмахмұт Торайғыров" атты кітап көрмесі таныстырылды.
Көрмеге ақынның "Екі томдық шығармалар жинағы", "Дүние дөңгелегі айналады", "Қамар сұлу", "Сарыарқаның жаңбыры" т.б. көптеген кітаптары мен журналдар, кітапхана қорынан баспасөз бетіне шыққан материалдар қойылды.
Жас ақындар мен жаңа толқын арасында ұйымдастырылған шарада кітапханашылар: А. Ахмадиева мен А. Құдайберген С. Торайғыровтың өмірбаянына тоқталып, шығармашылығы жайлы әңгіме өрбітті. Жастар ақынның рухты жырларын талқылап, өз өлеңдерін оқыды.
"Жыр–Жауһар" поэзия клубының белді мүшелері: Еркебұлан Елеусізұлы, Саяжан Қанатова, Бауыржан Ерман, Бек Ноғайбайұлы, Жоламан Әйткен қатысып клуб тарихынан сыр шертіп, поэзияға деген ыстық ықыластарынан шашу шашты.
Сонымен қатар, клуб жетекшісі А. Ахмадиева жыр бәйгесіне енді қосылған жаңа мүшелерімен таныстырып, клуб жайлы толық ақпараттан хабардар етті.