Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылдың 27 қазаны күні "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" Жарлығына қол қойды. Бұл - Қазақстан үшін тарихи кезең. Елбасы қазақ әліпбиінің латын графикасына 2025 жылы көшуі туралы 2012 жылғы "Қазақстан – 2050" стратегиясында айтқан болатын.
Президент өз Жарлығында латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін бекітті. Жарлық жарық көрген күннен бастап өз күшіне енеді. Бекітілген латын графикасына негізделген әліпби жарлыққа бағынады.
29 қазан 2017 жылы кітапханамызда "Әдеби қонақжай" клубы мүшелерімен "Артықшылығы айқын" тақырыбында отырыс өтті.
Клуб мүшелері қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына кезең - кезеңімен көшіру туралы өз ойларымен бөлісті. "Латын әліпбиі бізге не үшін қажет?" – деген сұрақтарға әр түрлі жауап іздеп көрді.
Әлем халықтарымен кеңесіп, әлемдік ғылым мен білімді игеру үшін керектігі сөз етілді. Латын әліпбиіне көшу – халық үшін тиімді. Латын әліпбиі әлемдегі кең танымал әліпби екендігін есте ұстауымыз керек.
Қатысушылар тақырыпты толқыныспен әрі қызығушылықпен талдады. Биология пәнінің мұғалімі әрі кітапханамыздың тұрақты оқырманы Р. Джеркабаева: "Латын әліпбиі - өте тиімді әрі қарапайым әліпби, мен осы әліпбиге көшуді қолдаймын",- деп өз ойын білдірді. Көпшілік қазақ тілінің латын графикасына көшуіне әлі де уақыт қажеттілігін айтты. Латын әліпбиіне көшуді біреуі: балалар бақшасы мен мектеп оқушыларынан бастауы керек десе, ересек адамдар үшін ауырлау екенін тілге тиек етті. Латын әліпбиіне көшу Қазақстан үшін экономикалық, саяси және мәдени жағынан жаңаша өрлеуге әкелетіндігі туралы сенетіндіктерін жеткізді.
Шара соңында клуб мүшелеріне кітапханамызда "Кітапханаға латын тілінде кітап сыйла" акциясының жалғасып жатқандығы жайлы айтып, латын тіліндегі кітаптарды кітапхана қорына қуана қабылдайтындықтарын ескертті.