Биылғы 2017 жылы "Евразийское сообщество: экономика, политика, культура" қазақстандық журналына 20 жыл және "Мирас", "Жұлдыздар отбасы" журналдарына 10 жыл толып отыр.
Журналдар осынау сындарлы жылдар ішінде, өз оқырманын тауып, жастың да, жасамыстың да өз керегіне жарап отыр. Бұл журналдардың басты қызығы сонда, басылым беттерінде Қазақстанда орын алып жатқан негізгі деген қоғамдық, саяси, тарихи және мәдени жаңалықтармен оқып танысуға болады. Сонымен қатар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және демократиялық қоғамның қалыптасуы, өрлеу жолдарынан да хабар алуға мүмкіндік мол.
"Евразийское сообщество: экономика, политика, культура" журналы - тоқсандық ғылыми-теориялық журнал. 1997 жылдан бері шығып келеді.
Еуразия аймағындағы саяси және экономикалық жаңалықтарды саралап, өзіндік үн қоса отырып жариялайды. Аудиториясы саясаткерлерге, әлеуметтік қызметкерлерге, экономика және мәдени саладағы мамандарға бағытталған. Білім іздеушілерге таптырмас ғылыми мақалалар мен экономика, философия, тарих, әлеуметтану, саясат және мәдениет салаларының өзекті зерттеу жұмыстарын жарыққа шығарып келеді. Маңызды, жан-жақты, дәлелді ақпараттарды қазақ тілінде, орыс және ағылшын тілінде жариялайды. Мақалалардан басқа журнал беттерінде съезд, конференция және басқа да іс-шаралар туралы материалдар басылуда. Кітапхана қорында 1997 жылдан бері.
2016 жылға дейін "Мирас" журналының меншік иесі - "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі" мемлекеттік мекемесі еді. Қазіргі таңда журналға "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы" мемлекеттік мекемесі иелік етуде. Журнал қазақ және орыс тілінде шығады. Жылына 4 рет жарық көруде. 2007 жылы 5 шілдеде Астана күнінің туған күніне орай алғашқы саны жарық көрді. Қоғамдық-саяси және ғылыми-көпшілік журналдың жарық көруі жайлы көптеген танымал адамдар пайдасын, қажеттілігін дөп басып айтты. Басылымда қоғам қайраткерлері мен ғылыми қызметкерлердің мақалалары жарияланады. Мақалалар мазмұны қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық салалардың төңірегіндегі сұрақтарға жауап береді. Журнал жалпы саяси және ғылыми мамандарға арналған. Кітапхана қорында 2008 жылдан бері. "Мирас" журналының басқа басылымдардан бөлек бір ерекшелігі бар. Ол әрбір саиын арнайы бір тақырыпқа арнайды. Мысалы, 2016 жылдың № 4 саны "Рухани құндылықтар – мәдени болмыстың қайнар көзі" тақырыбына болса. 2017 жылдың № 1 саны "Ұлтаралық татулық - Қазақстан халқы бірлігінің негізі" тақырыбында шыққан. Осындай кесек-кесек тақырыптарына қарап, бұл журналдағы мақалалардың сапасы мен мазмұнының қаншалықты мағыналы екенін бағамдай беруге болады.
Республикалық жастар журналы "Жұлдыздар отбасы" 2007 жылдан бері айына екі реттен басылып шығады. Журналдың бір ерекшелігі – берілген материалдың барлығының сұхбат түрінде берілуінде. Оқырмандарға ән, кино және шоу бизнес саласының жұлдыздарымен ғана таныстырып қоймай, саясат, қоғам қайраткерлерінің, аңыз адамдардың, тұлғалардың өмірлерінен де хабар береді. Осы ерекшелігімен ол сұранысқа ие, көптің көңілінен шығып келеді.
Жастар журналы десек те, бұл басылымның аудиториясы кең. Оқырманы өте көп. Журнал беттерінен еңбегі сіңген және мәдениет саласында еңбек етіп жүрген, сонымен қатар спорт және өнер саласының мамандарының өмірімен, қызметімен танысып қана қоймай, гуманитарлық, қоғамдық, техникалық бағыттағы майталман маман өкілдерімен де таныса аламыз.
Кітапхананың қорында 2008 жылдан бастап.
Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК-ның мерзімді басылымдарымен кітапхана сайтының "Ресурстар" бөлімінің "Мерзімді басылымдар" айдарынан таныса аласыздар.