Оқырманы ормандай Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы кітапханасының "Өлкетану" клубы шеңберінде жазушы, публицист, өнертану ғылымында өшпес қолтаңбасын қалдырған ғалым, киногер Камал Сейітжанұлы Смайыловтың 85 жылдық мерейтойына арналған "Қазақтың Камалы" атты ауызша журнал өтті.
Аталмыш шара үш парақтан тұрды: "Өнегеге толы өмір", "Камал Смайылов – публицист", "Камал Смайылов – кинотанушы".
Бірінші парақта Қазақстан телеарнасында түсірілген "Жарқын бейне" бағдарламасынан бейнебаяны көрсетіліп, өмірі мен шығармашылығы, журналистік шеберлігі, оның ұстанған бағыты, саяси бет-бейнесі жайлы тың деректер тыңдалды.
Екінші парақта сөз кезегін алған ф.ғ.д., профессор, Қазақ Ұлттық әдет-ғұрып салт-дәстүр ғылымдары Академиясының академигі Қ.Д. Асанов К. Смайыловтың публицистикалық шығармашылығына тоқталды.
Камал Смайылов туралы журналистер, зерттеушілер, жазушылар көп жазды. Елімізге танымал талант иесі екенін барша халық жақсы білді. Қаламы жүйрік журналистік қырын қызықтыра байқата білген публицист. Ол кісі ғылыми-техникалық революция тақырыбына көп көңіл қойып, қарымды қаламгер ретінде ерекшеленді. Ұлттық әдебиеттің, өнердің, музыканың кең қанат жайуына бірден-бір қамқоршы болған, іркіліп қалған істерге жан бітіріп ілгері жылжытқан ұмытылмас тұлға - деп ашып айтты.
Үшінші парақта сөз алған журналист, "Қазақстан-Қарағанды" облыстық филиалының редакторы Ә.С. Жанпейісов К.Смайыловтың Қазақ киносының дамуына, әлемге танытуға бар күшін, жігерін салған тұлға екенін аса зор мақтанышпен айтты. Сонымен бірге телевизия мен радиокомитетінің басшылығына келгенде ерекше серпіліс жасап, ұлттық киноның жетілуіне, "Тамаша", "Қымызхана", "Шашу", "Күй дастан", "Халық таланттары", "Айтыс", "Халық қазынасы", т.б толып жатқан телевизиялық бағдарламалардың өмірге келуіне орасан зор үлес қосқан бірден-бір тұлға екенін жеткізді.
Шара барысында К.Смайыловтың шығармашылығына арналған кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды.
Бұл кездесуден оқырмандардың Камал Смайылов қай салада қызмет етiп, нендей тiрлiк жасаса да, ең бiрiншi ұлттың мүддесiн ойлағандығы туралы ой түйді. Қазағының жоғын жоқтап, барын түгендеуге күш салған Камалдың кім екенін білді. Қазаққа ғарыштың қажеттiгiн айту керек болса, Камал Смайылов – ғарышкер, қазаққа қазба байлығы туралы айту керек болса – геолог, әлеуметтiң жағдайын жақсарту туралы айту керек болғанда – экономист бола бiлетін Камалдың әдебиет, өнер, кино саласына сiңiрген еңбегi ерекше екендігін толық ұғынды.
Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы
С.Телпекбаева