28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Ол алғаш рет 2003 жылы аталып өтілді. Еңбекті қорғау күнін өткізу идеясы американдық және канадалық жұмыскерлер мен 1989 жылы жұмыста қайтыс болған және зардап шеккен жұмыскерлерді еске алудан туындаған.

Халықаралық еңбек ұйымы бағалары бойынша күн сайын әлемде орташа есеппен 5000 адам шамасында өндірістегі жазатайым оқиғалар мен ауру-сырқау нәтижесінде қайтыс болады. Мұндай жазатайым оқиғалардың көбісі жұмыс берушілер мен жұмыс өндірісін ұйымдастырушылар тараптарынан, сонымен бірге, зардап шегушілердің өздерінің еңбек қауіпсіздігіне  немқұрайлы, жауапсыз қарау мен елемеушілік салдарынан болады. Дегенмен, әртүрлі салалардағы жарақат себептерінің өз ерекшеліктері бар. Барлығына ортақ нәрсе – жұмыс өндірісін қанағаттанарлықтай ұйымдастырмау, еңбек және өндіріс тәртіптерін бұзу, көлік құралдарын пайдалану кезінде техника қауіпсіздігі талаптарын бұзушылықтар болып табылады.

 

Қазіргі кезде әлемнің жүзден аса елінде еңбекті қорғаудың шешілмеген мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылады. Олар жергілікті үкімет органдарының, кәсіподақ ұйымдарының, жұмыс берушілер және еңбекті қорғау саласындағы қызметкерлердің қолдауымен өткізіледі. Еңбекті қорғау күніне арнап әр жыл сайын өзекті деген тақырып таңдалып алынады. Биылғы еңбекті қорғау күнінің тақырыбы: Еңбекті қорғау жөніндегі деректерді жинау және пайдалануды оңтайландыру. Осы тақырыпты кеңінен ашу мақсатында «Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Әрбір қазақстандық азаматтың құқығын қорғайтын, олардың қоғамда ұстануға және білуге тиісті жалпы ережелер мен принциптері көрсетілген ҚР Конституциясы мен ҚР Еңбек кодексі осы көрмеде басты орын алады. Сондай-ақ, көрмеге әр түрлі жұмыс саласы барысында қауіпсіздік шараларын сақтау жолдарын, жұмыс беруші және атқарушы тараптардың құқықтары, еңбекақы төлеу мәселелеріне қатысты Н. Айымхановтың «Қазақстан Республикасының еңбек құқығы», Д. Жампейісовтің «Еңбек құқығы және әлеуметтік қамсыздандыру құқығы», Х. Мұрсалованың «Еңбекақы төлеу есебі» сияқты бірқатар кітаптар ұсынылған.

Сонымен қатар, еңбекті қорғау, еңбек құқығы, оны сақтаудағы заманауи технологияларды, әдіс-тәсілдерді пайдалану туралы мақалалар да осы көрмеден табылады. Мерзімді басылымдар бетінде жарық көрген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамының 83-қадамы – «Еңбек қатынастарын ырықтандыру. Жаңа еңбек кодексін әзірлеу» болатын. Соның нәтижесінде, ҚР Еңбек кодексіне толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

Құрметті оқырман қауым, әр адамның өз өмірі өз қолында. Жұмыс барысында барынша абай болайық.