[sigplus] Critical error: Image gallery folder material/news/2017_kozikorpesh is expected to be a path relative to the image base folder specified in the back-end.
Махаббатсыз дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар – деп жырлады һакім Абай.
Махаббат – адамзат баласына берілген ең асыл сезім. Ғаламат ғашықтыққа жыр жазбаған, ән арнамаған өнерпаз кемде-кем шығар. Сәуір айының 15 жұлдызын – "Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу" күні деп белгілеп, төл мерекемізді тойлап жүргенімізге де талай жылдың жүзі болды.
Биыл да аталмыш мейрамды ерекше, еркін форматта атап өттік. Күні кеше қаламыздың қақ ортасындағы "Сарыжайлау" кинотеатрында "Жыр-Жауһар" жаққан жұлдыздар" деген атпен тамаша кездесу кеші ұйымдастырылды. Құрылғанына 10 жыл толған поэзия клубы осы уақыт аралығында талай жасты таныстырып, табыстырды десек, қателеспейміз. Бүгінде ордалы отбасына айналған үлгілі жұптарды халықпен жақындастыруды мақсат еткен бұл кешті ақын, халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты, қос бірдей кітаптың авторы Мирас Асан өзінің жары Жадыра Байбұлановамен жұптасып, тізгіндеді. Берісі Арқа, арысы алты Алашқа танымал өнерпаздар: ақын, "ЖанАрым", "Қара жәшік" жыр-жинақтарының авторы Қуаныш Медеубаев жары Жадыра Медеубаевамен, "Ақ қайың болсын есімің..." атты кітаптың авторы, ақын Рауан Қабидолдин жұбайы Айзада Рақымжановамен, жазушы, "Ханшайым", "Қала мозаикалары" кітаптарының авторы Алмаз Мырзахмет жан жары Толғанай Омашевамен, әнші-сазгерлер Амангелді Ахметжанов құдай қосқан қосағы Зағыпран Жотаймен, сондай-ақ, Марғұлан Уәли сүйікті жары Гүлжазира Құлмағамбетовамен бірге сахна төрінен табылды.
{gallery}/material/news/2017_kozikorpesh{/gallery}
Қос ғашықтардың мінберге көтеріліп, "Махаббат" дәмханасынан орын алуы да оңайға соққан жоқ. Оларға берілген тапсырма бойынша, бір жұп тіс дәрігерінің бөлмесінде танысса, енді бірі ұрылар тонап жатқан банктің ішінде бір-бірінің есімін сұрап, кездесуге келген жұртшылықты күлкіге қарық қылды. Берілген тапсырманың барлығы алдын ала беймәлім болғандықтан, қатысушылардың өздері үшін де бұл тамаша тосынсыйға айналғанын айта кету керек.
"Кәусар" өнер мектебінің шәкірті Қасымова Ақеркенің орындауындағы "Сүйген жүрек" әнінен кейін, қос ғашықтар келесі бір қызықты сынға түсті. Аталған мектептің жас актерлері түрлі жағдаяттарды ойнап, орын алған мәселені шешу жұптардың еншісіне қалдырылды. Тығырыққа тіреген оқиғалардан оңай жол тапқан қатысушылар өмірлік тәжірибелерінде мұндай жағдайлардың орын алғандығын да айтып өтті.
{gallery}/material/news/2017_kozikorpesh1{/gallery}
Ғашықтар мерекесі баршаға ортақ мейрам болғандықтан, қатысушы жұптар мен жиналған жұртшылық арасында тікелей байланыс үзілген жоқ. Кештің "Еркін микрофон" бөлімінде, көрермен қауым залға арнайы орнатылған дауыс зорайтқышқа шақыртылып, қос ғашықтарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын жолдады. Іле-шала көрермендермен қызықты ойын ұйымдастырылып, сыйлыққа гүл шоқтары таратылды.
Кездесу соңында өнер табыстырған жұптардан қонақкәде сұралып, ақындарымыз өлеңдерін оқыса, әншілеріміз әуезді әнмен тербеп, халықтың қошеметіне бөленді. Жиылған қауым "Махаббатымыз мәңгілік болсын!" деген ақ тілекпен тарқасты.