Қазіргі уақытта экономикалық ақпаратқа деген сұраныс жоғары деңгейде екендігінде дау жоқ. Экономикалық ақпараттар жайлы материалдардың ең құндысы, қол жетімдісі және толықтай сұранысты қанағаттандыра алатыны, ол ай сайын шығатын мерзімді басылымдар екені  даусыз.

2017 жылы "Альпари", "Банки Казахстана" және "Транзитная экономика" атты қазақстандық журналдарға 20 жыл толып отыр. Бұл журналдар – қазақстандық ақпарат кеңістігінде экономикалық басылымдар ішіндегі ең таудаулылары.

 Альпари

Ғылыми-тәжірибелік экономикалық журнал. 1997 жылдан бері Алматы қаласынан шығып келеді. Меншік иесі: ЖШС "АльПари кооперация". Жылына 6 рет жарық көруде. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мақалалар басылып шығады.

Бұл журнал экономика саласындағы  түйткілді мәселелер жөнінде  ғылыми зерттеулерді, мақалаларды оқырман назарына ұсынады. Экономика саласымен айналысып жүрген жас зерттеушіге бағыт-бағдар көрсетуші бірден-бір басылым десе де болады. "Альпари" нарық және қаржы саласында өзінің ақпаратының шынайылығымен және нақтылығымен осы 20 жыл ішінде алда келеді. Басылым тек еліміздің экономика бағытын ғана қамтымайды, сонымен қатар әлемдік экономикаға да баға беріп отыр.

Банки Казахстана

Ай сайын шығатын қаржылық журнал. 1997 жылдың шілде айынан бастап жарық көруде. Меншік иесі: ЖШС "Журнал "Банки Казахстана". Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мақалалар жариялайды.

Қазақстан Республикасының экономикасының қарыштай  дамуы елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығымен тікелей байланысты. "Банки Казахстана" журналы банк-қаржы тақырыптары жайлы мақалалар жариялап, банк жүйесі туралы сұрақтарға және мәселелерге толықтай жауап береді. Сонымен  қатар қаржы-несие саласындағы жетекші басшылар мен білікті мамандардың жетістіктері жайлы эксклюзивті сұхбаттармен танысып оқуға болады.

Транзитная экономика

"Транзитная экономика" ғылыми-тәжірибелік журналы Қазақстан Республикасының мерзімді басылымдар арасындағы экономикалық бағытты терең зерттеген бірден бір басылым. 1997 жылдың шілдесінен бері жарық көруде. Жылына 4 рет шығады. Қазақ және орыс тілдерінде мақалалар жариялайды.

Журнал беттерінен Қазақстанның экономикасы жайлы өзекті де құнды материалдармен, еліміздің даму жолындағы индустриялық-инновациялық механизмдері туралы, сонымен қатар еліміздегі әр саланың экономикалық мәселелері жайлы мақалалармен таныса аламыз. Басылым негізінен республикалық және өңірлік басқару органдары мамандарына, мемлекеттік экономика секторы, ірі ұлттық экономикалық кешендерге, жоғары оқу орындарына, ғылыми-зерттеу орталықтарына, магистранттарға, докторанттарға, студенттерге және әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды қызығып оқушыларға арналған. Ақылдастар кеңесіне Қазақстанның және алыс-жақын шетелдердің  белді деген ғалымдары, экономистері,  Қазақстан Республикасы Үкіметі  және Президент аппараты қызметкерлері кіреді. Журнал өзінің аудиториясын анықтаған.

Н.В. Гоголь атындағы ОӘҒК-ның мерзімді басылымдарымен кітапхана сайтының "Ресурстар" бөлімінің "Мерзімді басылымдар" айдарынан таныса аласыздар.