Алғыс айту күні – күрделі заманда иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн.
Елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні – алғыс білдіру күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына терең тағзым белгісі. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді. Ол бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.
Елбасы Алғыс айту күні туралы:
Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғаныңдай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі болар еді,- деген болатын.
Осы атаулы күн қарсаңында, кітапханада "Бірлік пен алғыс – мемлекеттің игілігі" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме барысында бір шаңырақ астында бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің тарихымен, діні, тілімен, салт-дәстүрімен таныстыратын кітаптар мен мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалаларды көре аласыздар.
Құрметті оқырман қауым, кітапхана ұжымы сіздерді 1 наурыз мерекесімен құттықтайды. Еліміз тыныш, бірлігіміз бекем болғай!