Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. Осы жылы Қазақстанның Ұйымға мүше болғанына 25 жыл толуына орай, кітапханамыздың оқу залында "Қазақстан және БҰҰ: 25 жыл ынтымақтастықта" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы – екінші дүниежүзілік соғыстан кейін КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттерінің белсенділік танытуымен құрылған ұйым. БҰҰ қызметінің негізгі бағыттары – жер бетінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті жақтап, мемлекеттердің сан алуан саладағы ынтымақтастығына жәрдемдесу, адам құқылары мен бостандықтарын қорғап, халықтар, құқықты жүйелеу және оның прогрессивті дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Бүгінде Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құрамында енді. Бұл Кеңес – БҰҰ Жарғысымен "халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі" жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын орган. Еліміздің оған сайлануы халықаралық аренадағы Қазақстанның беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз. Осыған байланысты Елбасы Н. Назарбаевтың "Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы" атты Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне саяси үндеуін жолдады. Үндеу барысында ядролық қарудан азат әлем құруға қол жеткізуді адамзаттың өмірін сақтап қалудың ең маңызды мәселе екендігін, жаһандық соғыстың алдын алу және оны жою, бейбітшілік, ынтымақтастық және даму жөніндегі өңірлік аймақ үлгісін құруға және оны сынақтан өткізуге болатындығын, халықаралық терроризм мен экстремизмді мемлекеттердің бірлескен күшімен жеңе алатындығымызды айтты. Сонымен қоса, "EXPO-2017" халықаралық көрмесін Қазақстанда өткізу басқа мемлекеттермен қатынасымыздың нығая түсуіне септігін тигізеді деген сенім білдірді.
Көрмеде тарих, саясат, құқық салаларына қатысты бірқатар еңбектер ұсынылды:
- А. Арыстанбекова "Ұлттар Ұйымы және Қазақстан";
- С. Абдулпаттаев "Халықаралық қатынастар және Қазақстанның сыртқы саясаты";
- А. Әбілпаев "Халықаралық келіссөздер";
- "Қазақстан қоғамы дамуының өзекті мәселелері" жинағы;
- "Қазақстанның дипломаттары" саяси басылымы және т.б. кітаптар.
Сонымен қатар, көрме арқылы мерзімді басылымдар бетінде жарияланған мақалалармен таныса аласыздар.
Құрметті оқырмандар, Ел бірлігі, қауіпсіздігі барша адамзатқа ортақ мүдде. Олай болса, жаһандық дәуірде Қазақстанның ішкі, сыртқы саясатынан хабардар болып жүрейік!