2017 жыл айтулы жаңалықпен, жақсылықпен басталды. 28 қаңтар күні Алматы қаласында ХХVІІІ қысқы Дүниежүзілік Универсиаданың алауы тұтанды. Дәл осы жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйекке дейін Астана қаласында халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі өтпек.
Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің Қазақстанда өтетіндігі жөнінде шешім 2012 жылдың 22 қарашасы қабылданған болатын. Шешім ЭКСПО Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының Париждегі 152-сессиясында осы ұйымға мүше 161 мемлекеттің жасырын дауыс беруі нәтижесінде қабылданды. Бұл, сөз жоқ, Қазақстанның жаһан жұрты алдындағы беделінің тағы бір биіктегені, мемлекеттің мерейі.
Жалпы, ЭКСПО дегеніміз индустрияланудың символы. Техникалық жетістіктер мен техниканың өзін назарға салатын көрме. ЭКСПО көрмелерінде әлемнің барлық мемлекеті өздерінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін көрсетеді.
Елімізде өткізілетін ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы "Болашақтың энергиясы" деп аталады. Бұл тақырыпты ұсынудың себебі, ол ең алдымен баламалы энергия көздерін дамытуды қоса алғанда, энергетикадағы сапалы өзгерістер жолы мен оны тасымалдау тәсілдерін іздестіруге бағытталғандығы болып табылады. Орнықты энергиямен жабдықтау осы күнде жаһандық көлемдегі негізгі мәселе болып саналады және оны шешу экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қоршаған ортаға келер зиянды төмендетуге септігін тигізеді. Бүгінде күллі әлемде энергия тапшылығы байқалып отырғаны белгілі. Әлем елдері энергияны үнемдеу, күн, желден баламалы энергия көздерін алуға көше бастады. Сондықтан жаһандық энергетикалық проблемалардың түйінін шешуге бағытталған халықаралық көрме баламалы энергия көздері саласында адамзаттың үздік жетістіктерін айшықтайтын алаңға айналарына сенім зор.
Республикалық қоғамдық-саяси апталық "Қазақ үні" газетінің 2016 жылғы 18 қазанында Смағұл Бақыттың "ЭКСПО – 2017: шар ішіндегі мұражай" мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада Астана көрмесінің басты нышаны Шар тәріздес мұражай ғимараты жайлы тың деректермен таныса аламыз.
"Жасыл экономика – қауіпсіз болашаққа апарар жол" атты мақала "Айқын" газетінің 2016 жылғы 26 қарашадағы санында басылып шықты. "Байтақ болашақ" экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртаев өз сұхбатында көрмені өткізу бізге бұйырған бақ екенін айта отырып, оның баламалы қуат көздерін табу жолындағы ізденістердің берер мүмкіндіктерін баса айтты.
"Бәсі биік бәсекеде Астананың жеңіп шығуы бекерден бекер емес. Біріншіден, елордамыздың әлемдік деңгейдегі шараны лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасқаны баршаға белгілі болды. Екіншіден, таңдаудың Қазақстан пайдасына шешілуі мемлекетіміздің табыстары жоғары бағалағанын білдіреді және Еуразия өңірінде де оның даму келешегі кемел екенін айғақтай түседі. Үшіншіден, біздің "Болашақтың энергиясы" атты өзекті тақырыпты ұсынуымыз жеңіске жетуімізге көмектесті. Ең бастысы, Астананы таңдауы – Қазақстанның барша халқының күш-жігерінің нақты жемісі" - деді Елбасы Н. Ә. Назарбаев.
Бұл жөнінде толығырақ, "Егемен Қазақстан" газетінің 2016 жылғы 9 қарашасында "ЭКСПО- елдіктің ерен жеңісі" атты мақаласынан оқи аласыздар. Мақала авторы Динара Бітікова.
2016 жылғы "Ақиқат" журналының № 7 санында Парламент Сенатының депутаты Қ. Айтахановтың "Жасыл экономика – болашақтың таңдауы" атты мақаласы жарық көрді. Мақалада "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасы, энергия балансы, ЖЭК (Жаңартылған энергия көздері) туралы жазылған.
Г. Жантеева авторлығымен "Болашақ энергиясы" атты мақала "Дәстүр" журналының 2015 жылғы № 5 санында жарық көрді. Аталмыш жазбада ЭКСПО тарихына, оның ел болашағына қосар үлесі, берер пайдасы жайлы тілге тиек етілген.
ЭКСПО-2017 көрмесі жайлы газет-журналдарда жарияланған мақалалар тізімі:
- Айтаханов Қ. Жасыл экономика - болашақтың таңдауы [Мәтін] / Қ. Айтаханов // Ақиқат. - Алматы, 2016. - № 7. - 4-10 б.
- Әміртаев А. Жасыл экономика - қауіпсіз болашаққа апарар жол [Мәтін] / сұхбаттасқан К. Тасболат // Айқын. - Алматы, 2016. - 26 қараша (№ 178). - 21 б.
- Бітікова Д. ЭКСПО елорда жетістіктерін паш етеді [Мәтін] / Д. Бітікова // Егемен Қазақстан. - Астана, 2016. - 28 сәуір (№ 80). - 1, 2 б.
- Бітікова Д. ЭКСПО - елдіктің ерен жеңісі [Мәтін] / Д. Бітікова // Егемен Қазақстан. - Астана, 2016. - 9 қараша (№ 215). - 1, 3 б.
- Жантеева Г. Болашақ энергиясы [Мәтін] / Г. Жантеева // Дәстүр. - Алматы, 2015. - № 5. - 30-31 б.
- Мыңжасарқызы Д. ЭКСПО-2017: дайындық қызу жүруде [Мәтін] / Д. Мыңжасарқызы // Түркістан. - Алматы, 2016. - 4 тамыз (№ 31). - 1, 2 б.
- Мыңжасарқызы Д. ЭКСПО-2017: қолөнер шеберлері қатыса ала ма? [Мәтін] / Д. Мыңжасарқызы // Түркістан. - Алматы, 2016. - 1 қырк. (№ 35). - 5 б.
- Мыңжасарқызы Д. Бәсекеге қабілеттілігі артқан Қазақстан [Мәтін] / Д. Мыңжасарқызы // Түркістан. - Алматы, 2016. - 1 желтоқсан (№ 48). - 1,10 б.
- Нұрханов Қ. Жаңартылған энергия көздері [Мәтін] / Қ. Нұрханов // Президент және халық. - Астана, 2016. - 11 қараша (№ 45). - 5 б.
- Сарқытқан Қ. Қазақстан болашағы "Болашақ энергиясының" экономикалық-географиялық негіздері аясында [Мәтін] / Қ. Сарқытқан, А. Жансарбаева // География және табиғат. - Алматы, 2016. - № 2. - 3-8 б.
- Смағұл Б. ЭКСПО -2017: шар ішіндегі мұражай [Мәтін] / Б. Смағұл // Қазақ үні. - Алматы, 2016. - 18 қазан (№ 41). - 7 б.
- Сыдықов Е. "ЭКСПО - 2017" адамзат проблемаларын шешу бойынша дағдарысқа қарсы орталық болады [Мәтін] : "ЭКСПО 2017" қоғамдық кеңесінің төрағасы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е. Сыдықовпен сұхбат / сұхбаттасқан Қ. Төрежан // Айқын. - Алматы, 2016. - 31 наурыз (№ 47). - 5 б.
- Тұрсынқызы Ы. ЭКСПО-ға қолөнер шеберлерінің қолы жете ме? [Мәтін] : "Алтын Орда" авторлық дизайнының директоры Ы. Тұрсынқызымен сұхбат / сұхбаттасқан Е. Назарұлы // Қазақстан ZАМАN. - Алматы, 2016. - 18 тамыз (№ 34). - 3 б.
- Шәріп А. ЭКСПО -2017: 100 - ден аса ел қатысады [Мәтін] / А. Шәріп // Айқын. - Алматы, 2016. - 27 қаңтар (№ 12). - 3 б.