"Әдебиет тек талантты жазушыны ғана емес, сонымен қатар, талантты оқырманды да қажет етеді" деген қанатты сөз бар. Сол сан түрлі әдебиеттің сарқыт көзі болып табылатын кітапхана бүгінде дарынды оқырманға кенде емес. Оның дәлелі – күні кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасы ұйымдастырған "Үздік оқырман" байқауының нәтижесі.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген бұл байқау Республика көлемінде алдын ала жарияланған болатын. 16 аймақты тұтас қамтыған сайыс нәтижесі бойынша әр кітапханадан бір үздік оқырман анықталып, кеше ғана жеңімпаздарды онлайн-марапаттау рәсімі болып өтті. Әр жеңімпазға ҚР Ұлтттық Академиялық кітапханасы 25 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық тағайындады.

Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының осы байқауға ұсынған үш үміткерінің ішінен, тұрақты оқырманымыз, "Жыр-Жауһар" поэзия клубының белді мүшесі Сайлау Гүлжауһар оқ бойы озық шығып, жүлдегер атанды. 

Гүлжауһар – Қарағанды Гуманитарлық колледжінің студенті. Бос уақытының көбін кітапханада өткізіп, ұйымдастырылған барлық қоғамдық шараларға белсенді ат салысады. Сабаққа қажетті салалық кітаптардан бөлек, қазақ әдебиетін үзбей оқуға жаны құмар үздік оқырманымыз енді әлем әдебиетіне де бет бұрып жүр.

Біз, өз кезегімізде, том-том кітапты арқалаған тұрақты оқырманымызды құттықтай отырып, білімнің биік асқарына жетуге тілек білдіреміз.

Биылғы жылы алғаш қолға алынған бұл байқау енді жылда ұйымдастырылатын дәстүрлі сайысқа айналмақ. Ендеше, сіз де қапы қалмаңыз, құрметті оқырман!