Күні кеше қаламыздамемлекет және қоғам қайраткері, ұлт батыры Жұмабек Тәшенов атындағы жүлдеге арналған "Жылдың үздік ақыны" облыстық жыр мүшәйрасы өткізілді. Айтыскер ақын Айтбай Жұмағұловтың бастамасымен қолға алынған дәстүрлі іс-шара осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр.
Аталмыш жыр бәйгесінің жеңімпазы, яғни "Жылдың үздік ақыны" болып, кітапханамыздағы "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жетекшісі, "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Жадыра Байбұланова танылды. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар алқасы мен атымтай жомарт кәсіпкер Сапар Ибкеевтің демеушілігімен жеңіс тұғырынан көрінген ақынның жыр жинағы жарық көрмек.
Жыл үздіктері анықталған бұл дода "Жыр-Жауһар" клубы үшін табысты мүшәйра болды. "Жылдың үздік жазушысы" атағын клубтың белді мүшесі, "Ханшайым", "Қала мозаикалары" кітаптарының авторы Алмаз Мырзахмет иеленсе, "Жылдың үздік айтыскері" атағы дүлдүл ақынымыз Дидар Қамиевке бұйырды. Сонымен қатар, "Жылдың сыршыл ақыны" атағы Айзада Рақымжановаға беріліп, бірқатар клуб мүшелері: Еркебұлан Елеусізұлы, Аян Мейраш, Ерік Нарынов, Перизат Жаңғылышбаева, Жоламан Әйткен алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойы аясында өткен игі шараға алыстан ат терлетіп келген өнерпаз Досымжан Таңатаров қатысты. Жиналған қауымды мерекемен құттықтап, әуелете ән шырқаған Дәуренбек Әркенов, Медет Осатаев кештің базарын қыздырса, Арқаның айтыс өнерін дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген арқалы азамат Дидар Қамиев Жұмабек Тәшеновты жырға қосып, арнау айтты.
Жетістікке толы жылды осылайша қорытындылаған "Жыр-Жауһар" поэзия клубының келер жылға артар үміті мен айтар жаңалығы мол.