Осыдан аттай 10 жыл бұрын, 2006 жылдың 8 ақпанында Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының жанынан "Жыр-жауһар" поэзия клубы құрылған болатын. Мақсаты – өлең атты мұзарт шыңға қол созған, жауқазын жыр жазуға талпынысы бар жас таланттарды қолдау болып табылатын бұл клуб уақытпен бірге жетіліп, бірге толысып келеді.    

Клубтың алғашқы іргетасын қалап, қабырғасын құрған жас дарындардың қатарында - Алмаз Мырзахметов, Қуаныш Медеубаев, Берікбол Амангелдиев, Назерке Түсіпбекова, Панзат Жұмағұлованың аттары аталса, кейіннен бұл тізім Мирас Асан, Рауан Қабидолдин, Дулат Аманжол, Ерқанат Кеңесбеков, Ерболат Қуатбек, Жадыра Байбұланова, Айзада Рақымжанова, Ақмаржан Жорабаева, Кәмшат Хасен, Жәлел Шалқаров, Жәнібек Әлиман, Еркебұлан Ақбергенов, Өміртай Еділхан сынды әдебиет әлеміне енді қадам басқан, көптеген жас өрендермен толықты.

Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан Ұлы көштің дәуренін салып жүрген "Жыр-Жауһар" поэзия клубының бүгінгі қарқыны көңіл марқайтып, көз қуантады. Клуб мүшелері аймақта  өткізілетін барлық әдеби шараларға ат салысып, республикалық, облыстық деңгейдегі мүшәйраларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Республикалық, облыстық басылым беттерінде ақындардың өлеңдері жиі жарияланып, алғашқы жыр жинақтары да жарық көруде.

Аталмыш клубтың мұрындық болуымен кітапханада ауыз толтырып айтарлықтай әдеби шаралар өткізілді. Қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған ақтаңгер жазушылар мен аймаңдай ақындардың мерейтойларын атап өту, жергілікті қаламгерлердің жарық көрген кітаптарының тұсаукесер рәсімдерін өткізу, әртүрлі тақырыптық сайыстар мен мерекелік кештер – мұның барлығы "Жыр-Жауһардың" дәстүрлі түрде ұйымдастыратын іс-шараларының қатарында.

Талай игі істерге мұрындық болып жүрген поэзия клубы биыл мерейлі 10 жылдығын атап өтуді жоспарлап отыр.

Назарларыңызға Ерболат Қуатбектің "Жыр ошағы – Жыр-жауһар" мақаласын ұсынамыз.