Әлемде әрқашан жақсылық, қайырымдылық, мейірімділік секілді мәңгі құндылықтарға орын бар. Нақ осы құндылықтар бізге кез келген қиын уақытта адамгершілік келбетімізді сақтауға көмектеседі. Өмір игі істер жасауға берілген.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, "25 игі іс" атты республикалық акция еліміздің әр өңіріндегі отандастарымыз белсенді қолдап, шарапаты мол игі істерге ұйытқы болуда.

Біздің кітапханамызда осы акция шеңберіндегі іс-шараларын жалғастыруда. Бұл жолы кітапхана ұжымы қарттар күніне орай, Бұқар жырау көшесіндегі "Ардагерлер үйіне" ат басын тіреді. Ол жерде Құлжабаева Қанифа Мұқашқызы (1936 ж.), Зубцова Раиса Ивановна (1939 ж.), Кусатаев Еркін Хамитұлы (1947 ж.), сонымен бірге,  Әлиханов көшесінің тұрғыны, кітапханамыздың оқырманы Спивак Таисия Петровна (1928 ж.) есімді самайын бозқырау шалған жандарға азын-аулақ сый-сияпат жасап, кітапхана қызметкерлері ән мен жырдан шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Талай өмірдің қиындығын көзбен көрген қарттар бір масайрап, мәз болысты. Қариялар өздерінің өмір жолдарындағы қызығы мен шыжығы жайлы әңгімелеп, "Біз көрген қиындықтарды бүгінгі ұрпақ көрмесін. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнап қолға алынған игі іс ізгілікпен жалғаса берсін, жұртымыз тыныш болсын, бейбіт өмірдің қадір-қасиетін біліп, сақтай біліңіздер!" деп ақ батасын берді. Кітапхана ұжымына алғыстарын айтты.

Мейірімді, бауырмал, көмекке дайын тұратын абзал адамдар – кез келген қоғамның негізгі тірегі.