Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жарияланған "Әлем. XXI ғасыр" манифесін ілгерілету және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өту мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңестерінің ұйымдастыруымен "Ақ орамал" республикалық акциясын өткізуге бастама жасалды.
Акцияның мақсаты – елдің барша азаматтарын "Ақ орамал" акциясын өткізуге қатыстыру арқылы олардың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру.
Осы орайда кітапханамыздың оқу залында "Ақ орамал" - бейбітшілік Акциясы = Акция "Ақ орамал": во имя мира" тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кітап көрмесі арқылы өз оқырмандарымызға "Ақ орамал" республикалық Акциясына қатысты көптеген материалдарды жеткізу, молынан түсінік беруді көздеп отырмыз.
"Ақ орамал" Акциясы қазақ халқының татулыққа, бірлікке, ынтымақтастыққа ұмтылған бейбіт ел екенін әлемге тағы бір мәрте жеткізудің жолы екенін түсінеміз. Қазақстан халқының бір ауыздан кез-келген соғыс пен ылаңға қарсы екені, қару мен ядролық әрекеттерсіз өмірді қалайтыны жайлы жазылған көптеген әдебиеттерді оқырман назарына ұсындық. Осының айғағы ретінде осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық полигонын жабу туралы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығы, Ю Куйдиннің Семей полигонының зардабы туралы ащы шындықты баяндайтын "Қазақстанның ядролық қасіреті" атты кітабы, Елбасының 2003 жылы жарық көрген "Бейбітшілік кіндігі" атты еңбегі және басқа да осы сынды әдебиеттер бола алады. Әрине, Ақ орамал ежелден қазақ әйелінің тазалығы мен ізгілігінің символы екені де баршаға мәлім. Осы орайда көрмеге салт-дәстүр, қоғамдағы әйел рөлі, бітімгерлік пен отбасы құндылықтары жайлы мағлұмат беретін, жастарымызға үлгі-өнеге болатын көптеген әдебиеттер де қойылды. Сонымен қатар, кітапханамыздың мерзімді басылымдар қоры да осы кітап көрмесіне көптеген материалдар ұсынып, көрмені толықтырды.
Құрметті оқырман! Осы акция еліміздің барлық аймағында ұйымдастырылуда. Қазақстанның әр азаматы осы акцияға қолдау көрсетеді деген ниеттеміз!