Қазақтың біртуар ұлы, Халық қаһарманы, Кеңес одағының батыры, қазақ ұлтының перзенті Тоқтар Әубәкіров 70 жасқа толды. Ол 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін (1969), Авиация институтын бітірген (1979). Ұшқышқа 1988 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Кеңес Одағының еңбек сіңірген ұшқыш - сынақшысы (1990), Орден Отан (1995), авиация генерал – майоры (1995), техника ғылымының докторы (1998), профессор (1997), Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрметті профессоры сынды тағы да көптеген марапаттарға ие.
Әлемдегі теңдесі жоқ 10 ұшқыштың қатарына кіретін, ғасыр адамы атанған батыр кіндігі кесілген Қарқаралы ауданында 70-жылдық мерейтойы мен алғашқы ұшырылымының 25-жылдығын атап өткен еді. Осыған орай кітапханамыздың Американдық бұрышының ағылшын тіліндегі сөйлеу клубында тұңғыш қазақ ғарышкерімізге арналған дөңгелек үстел өткізілді. Шара аясында бұрышымыздың белсенді қатысушылары Т.Әубәкіровтің өмір жолы, қызметі, ғарышқа ұшқан сапары жайлы толыққанды мәлімет алды.
Бала жасынан ұшқыш болуды армандаған Тоқтар жайлы айта отырып, қатысушылар өздерінің балалық шақтарында армандаған мамандықтарымен бөлісіп, Тоқтар ағамыздың батырлығы мен басқалар қайталай бермейтін ерліктері, ерен еңбектері туралы біраз деректер жиналған кітап көрмесімен танысты.
Біз жастар қоғамға қарап бой түзейміз, ой топшылаймыз. Өсеміз, рухани азық алып, келесі ұрпаққа тағылым мен өнеге қалдырар жолды іздейміз. Мұндайда, әрине, қоғамның келбеті болған зор тұлғалардың орны айрықша. Олар бізді, яғни, жастарды бағыттаушы, жол сілтеуші үлкен мектеп іспеттес. Қазақтың тұңғыш ғарышкерінің әрбір жүрген жолы, қажырлы еңбегі, қиын-қыстау тағдыры бәрі-бәрі... біз үшін үлкен өнеге. Тоқтар Әубәкіров-қазақтың зор мақтанышына айналған асыл азамат.