13 наурыз. Ескіше айтқанда қыстың соңғы күні. Кібісе күні өткен соң-ақ күрт сынған Арқаның күн райы бүгін құбылып тұр. Жылғалардан жылжып су ақпаса да, қаланы жапқан қалың қардың көбесі сөгіліп, жылдағыдан гөрі жер әжептәуір қарайып, көктем лебі сезіліп-ақ  қалған еді.

Кітапхана іргесінде жұмыс жасайтын "Жыр-жауһар" поэзия клубының жастары бүгін  Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесін бастап жіберді. Еліміздің  батыс өңірінде ғана аталып өтетін "Амал" күні жайлы айтылып, Наурызға шашу шашылды. Бір-бірімен көкірек түйістірген жастар ақ тілектерін білдіріп, Наурыз дәмінен ауыз тиді. Әсем ән, күмбірлеген домбырадан төгілген күй, аққа толы дастархан басында халқымыздың салт-дәстүрі жайлы  әңгіме өрбіп, жыр оқылды. Өмірлеріне өнерді серік қылған жастар салиқалы сөз саптап, тереңнен ой толғады.

Бір мезетте алқалы топтың арасынан өнер қуған талантты жастың бірі "Құс қанаты" жауып тұр"  – деп қалды.  Отырған жастар терезеге қарасты. Далада қар жауып тұр. "Қыстың соңғы жауған қарын  - "Құс қанаты" –  деп атайды" -  деп мән-мағынасын да түсіндіріп айта кетті жаңағы жігіт.

Айтпақшы,  кітапханадағы "Қазақ тілінде сөйлесейік" клубының мүшелері кештің куәгері болып, "Қара жорға" биін билеп, көкейлеріндегі ізгі тілектерін қазақ тілінде жеткізді.