8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Көктемнің алғашқы күндерімен келетін осы ерекше мерекеге орай кітапханамызда "Әйелдер – асыл жандар" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Асыл жандарға арналған кітап көрмесі осы мерекенің тарихынан бастау алып, бүгінгі күнгі әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі мен алатын орны жайлы сыр шертеді. Көрмеден "Ұлы даланың ұлы қыздары", "Ұлы адамның өміріндегі махаббат пен Әйелдер", "Астана: әйел келбеті", "Киелі кимешек", "100 великих женщин", "Замечательные женщины с древнейших времен до наших дней" сынды кітаптарды алып, тарихта есімдері әйгілі болған әйелдердің ерекшелігі мен ерлігін оқи аласыздар.
Ана мен сұлу қаракөздер жайында қалам тербемеген ақын-жазушы кемде-кем шығар. Міне, осы көрмеден мерекенің себепкерлеріне арналған жыр жинақтары мен көптеген туындыларға қол жеткізесіздер. Сонымен қатар, "Қазақстан әйелдері", "Ақ босаға", "Домашний очаг", "Тұмар", "Үкілім-Ай" сынды мерзімді басылымдар да осы көрмеден орын тапқан.
"Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді" демекші, әйел адамның денсаулығына, кәсібі мен қызығушылықтарына да арналған көптеген материалдарды осы көрме ұсынады.
Құрметті оқырман қауым, ақылы мен сұлулығы жарасқан нәзік жандылар жайлы білімдеріңізді молайтуға көмек беретін "Әйелдер – асыл жандар" атты кітап көрмесін тамашалауға шақырамыз. Сонымен қатар, мереке қарсаңында кітапханашылар сіздерге сүйікті жандарыңызға сыйлық жасауда өз кеңестерін беруге дайын.
Барша Қазақстан аруларын "8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні" мерекесімен құттықтай отырып, көктемдей құлпырып жүрулеріңізді және отбасының берекесі мен бірлігін тілейміз.