Жылдағы дәстүр бойынша "Бір ел-бір кітап" республикалық акциясының ұйымдастыру комитеті 2016 жылғы кезекті жыл кітабын таңдау мақсатында Ұлттық академиялық кітапханасында бас қосты. Еліміздің белгілі ғалымдары мен ақын-жазушылары, облыс кітапханаларының басшылары қатысқан отырыста жабық дауыс нәтижесі бойынша зар заман ақындарының арасындағы жарық жұлдыз – Дулат Бабатайұлының шығармалары жыл бойы оқылатын болды.

Дулат Бабатайұлы – ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ірі өкілі, халқымыздың басына қара бұлт төніп, жерімізді отарлау саясаты басталғанда ұлт-азаттық қозғалысын жалпыұлттық сыпатта бірінші болып қозғаған ақын.

Тұңғыш өлеңдер жинағы 1880 жылы Қазан қаласында "Өсиетнама" деген атпен жарыққа шыққан. Ақын өлеңдерінің тілі суретті, көркемдігі терең, тәрбиелік мәні зор.

"Ұлы ақынның өзі айтқандай сөз ұғатын, ой қадірлейтін әр адамның таным көкжиегін кеңейтуге ат салысар қадау-қадау ой түйіндері Дулат Бабатайұлының өмір таным толғамдары арқылы ұлттық қана емес, жалпыадамзаттық биіктіктен үн қатады. Егер философияны даналықты сүю деп түсінер болсақ, онда Дулат өлеңдері тереңінде тұнып жатқан тағылымды көзқарастар өзіне дейінгі де, өзінен кейінгі де ұлттық танымды жете зерделеуге жол ашатын дәйекті дәнекер, байыпты байлам, тұғырлы тұжырымдар деп бағалауға әбден лайық"

З. Ахметов, Қ. Раев

Біз барша қала тұрғындарын Дулат Бабатайұлының шығармаларын оқуға шақырамыз!