Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Қарағанды облысы өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Қарағанды облысының тарихы 1932 жылдан бастау алады.
Сол жылы орталығы Петропавл қаласы болып белгіленген Қарағанды облысы құрылды. Арада төрт жыл өткенде ол екіге бөлінді. Біреуі Солтүстік Қазақстан аталып, екіншісі 1936 жылдың 3 тамыз айынан бастап Қарағанды облысы аталды. Орталығы - Қарағанды қаласы болды.
Облыс құрамына Ақмола, Баянауыл, Вишнев, Жаңаарқа, Еркіншілік, Қарқаралы, Қарсақбай, Қоңырат, Қу, Қорғалжың, Новочеркасск, Нұра, Тельман, Шет аудандары енді.
Аймақ шапшаң дамыды. Жаңа өндіріс ошақтары бой көтерді. Мұның өзі елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісін жетілдіруді, өзгерістер енгізуді қажет етіп отырды. Әр жылдары Қарағанды облысының құрамынан жекелеген аудандар, тіпті облыс бөлініп, өз алдына отау тігіп жатты. Айталық, 1939 жылғы күзде Ақмола, Вишнев, Еркіншілік, Новочеркасск аудандары жаңадан құрылған Ақмола облысының құрамына көшті. Сол облысқа 1941 жылғы қарашада Қорғалжың ауданы берілді. Осыдан кейін ішінара аудандар атауы өзгеріп, бір-бірімен ауыс-түйіс болып жатқанымен облыс аумағы 1973 жылға дейін өзгеріссіз болды. Сол жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Қарағанды облысының құрамынан Жезқазған облысы бөлініп шықты. Жаңа облыстың құрамына Ақтоғай, Жезді Ақадыр, Жезқазған, Жаңаарқа, Шет аудандары енді. Орталығы Жезқазған қаласы болған облыс құрамына бұл аудандардан бөлек Балқаш және Қаражал қалалары енді. Одан кейінгі жылдардағы елеулі жаңалық Шұбаркөл кенішінің ашылып, игерілуіне орай 1985 жылғы шілдеде сол кездегі Целиноград облысының құрамындағы Теңіз ауданының Қарағанды облысының құрамына қосылуы болды.
Қоғамдағы өзгерістер, дамудың жаңа жолына түсу тәуелсіз еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруді талап етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен Қарағанды облысының шекаралары өзгертіліп, оған оңтайландырылған Жезқазған облысының аумағы қосылды. 1997 жылғы 23 мамырдағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қарағанды облысының құрамына енетін ауылдық аудандардың шектері мен атаулары өзгертіледі.
Қазір облыс құрамында Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау, Шет аудандары мен ірі өндіріс ошақтары саналатын Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Приозерск, Саран, Сәтбаев, Теміртау және Шахтинск сияқты шаһарлар бар.
Қарағанды облысының жер аумағы 428 мың км2. Тұрғыны 1 378 288 млн адам (2015).
Солтүстігінде Ақмола, Павлодар, шығысында Шығыс Қазақстан, оңтүстігінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, батысында Ақтөбе, Қостанай облыстарымен шектеседі.
Теміржол байланысы облысты ТМД, Германия, Қытай елдердің қалаларымен байланыстырады. "СарыАрқа" халықаралық әуежайы Ресей, Германия, Араб Эмиратына және басқа елдерге тікелей сапарларды қамтамасыз етеді. Қарағанды облысы арқылы Алматы мен Қазақстанның бас қаласы - Астанамен қосатын автомобилдік жол өтеді.
Жеріміз бай тарихына қоса, өндіретін өнімінің көлемі бойынша елімізде алдыңғы қатарлы ірі өндіріс орталығы болып саналады. "Қазақмыс" корпорациясы ЖШС мен "Арселор Миттал Теміртау" АҚ сияқты ауыр индустрия алыптары Қазақстаннан тыс елдерде танымал.
Қарағанды облысы – қазақтың байлығының көзі ғана емес, сонымен қатар өнердің, мәдениеттің және тарихтың кеніші. Өзінің экономикалық, мәдени, ғылыми әлеуеті мен инфрақұрылымының дамуы бойынша облыс Қазақстандағы жетекші орындардың бірінен орын алады.
Сарырақаның сауырындағы Орталық Қазақстанда орналасқан Қарағанды облысы көптеген көрнекті тұлғалардың, саясаткер, мемлекет қайраткерлерінің, өнерпаздардың, ақын-жазушылардың туған жері. Бұл алаштың әйгілі шешені мен көсемі болған Қаздауысты Қазыбек би мен Бұхар жыраудың, Шабанбай, Қараменде, Жанқұтты т.б. билердің, жау жүрек батырлар Ағыбай, Жалаңтөс, Сеңкібай, Байғозы батырлар дүниеге келген өлке. Мұнда Тәттімбет, Ықылас, Әсет, Шашубай, Мәди Қалибек, Күләш, Жүсіпбек сияқты ірі композитор-күйшілер, әншілермен Сәкен, Әлжаппар, Ғабиден, Қасым сияқты алып ақын-жазушылар, Алаш жайсаңдары Әлихан, Жақып, Әлімхан сынды тұлғалар туған аймақ.
Қазыналы Қарағанды өңірінің өсу, өркендеу жолы еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Қарағанды облысы Елбасының еңбектік және саяси Отаны болып табылады.
Біздің облыста жүзден астам ұлттардың өкілдері тұрады. Яғни 75 этно-мәдени бірлестіктер (қалалық, аудандық) бар.
Облыста (http://krg-edu.kz/kk/ )192 балабақша, 312 шағын-орталық, 539 білім беру мектебі, 78 колледж, 10 жоғары оқу орны бар.
Денсаулық сақтау желісінде (http://www.zdravkrg.kz/kz/) 84 мемлекеттік медициналық ұйымдар бар. Сонымен қатар, облыста 190 жеке формадағы медициналық ұйымдар жұмыс істейді, оның 30 кепілдендірілген тегін медициналық қызмет көрсетуді ұсынады.
Мәдениет және өнер нысандарында (http://karkultura.gov.kz/kaz/) 332 кітапхана, 257 мәдени-сауық ұйым, 21 бейнемобиль, 5 театр, 19 мұражай, 2 концерттік ұйым, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы бар.
Тарихи-мәдени мұраны қорғау бойынша мемлекеттік инспекция, хайуанаттар бағы, 7 мәдениет пен демалыс саябағы, облыстық кинопрокат, көрме залы жұмыс істейді.
Қарағанды облысында (http://visitkazakhstan.kz/kk/) демалу мен туризм үшін мүмкіндіктер өте үлкен. Облыс қалалары мен аудандарында туристер мен қонақтарына арналған қазіргі заманға сай демалыс орындары бар.
Қарағанды облысының географиялық орналасуы мен табиғи-климаттық жағдайы астық тұқымдастарын, картоп, көкөніс егу мен мал шаруашылығын дамытуға қолайлы және ауыл шаруашылығын өнімдерін өндіру мен өңдеу бойынша Қазақстан аймақтарын алдыңғы қатарлы өңірге айналдырды.
Ауыл шаруашылық саласының жалпы өндіріс көлемінде 53,8% мал шаруашылығының өнімі құрайды. (krgagri.kz/kz) Малдың барлық түрлерінің бас саны мен мал өнімін өндіру жыл сайын артуда.
Осыдан 80 жыл бұрын облыс орталығы атану Қарағандыға мол сенім мен міндет жүктеді. Осы мәртебелі міндет биігінен бүгінгі Қарағандының көріне білуі қайсымызға болсын мақтаныш.
Қарағанды облысы тарихында оның даму сатысы баршаны таң қалдырады. Тәуелсіздік таңындағы күннен күнге құлпыра түскен бүгінгі облысымыздың керемет келбетіне қарап, еліміздің бүгінгі жас жеткіншектер облыстың ескі келбетін, оның дамуының күрделі кезеңін көз алдарына елестете алмауы мүмкін.Қарағанды өңірінің алғаш іргесін қалаған еңбекшілердің, құрылысшылардың ересен зор еңбегі, олардың есімдері әр өңіріміздің азаматына белгілі боп, олардың іс – қызметін үлгі тұтып, ардақтай білулері тиіс.
Кітапханамызда өтетін өңіріміздің 80 жылдық мерейтойына арналған мерекелік әдеби кештерге, конференцияларға, кітап көрмелеріне, әңгімелерге, кездесулерге т.б. іс-шараларға қатысуға шақырамыз.
Сарыарқаның сауырынан ірге тепкен өңірдің мерейтойымен құттықтаймыз!