Ағылшын тілін меңгеру – қазіргі заман талабы. Осыны ескерген Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері "Болашақ" академиясының "Шет тілі" мамандығының 3 және 4 курс студенттерімен кездесу өткізді. Мақсаты – ағылшын тілін меңгеруді жеңілдетіп әрі дамыту үшін кітапхана қорындағы оқулықтар мен мерзімді басылымдарды көмек құралы ретінде қолдануға машықтандыру, кітапханадағы ақпараттық ресурстармен таныстыру.
Кездесу кітапханада жұмыс жасайтын халықаралық әдебиеттер бөлімінің қызметімен таныстырудан басталды. Таңдаған мамандықтарына сай кез-келген ақпаратты ағылшын тілінде осы бөлімнен алып, қолданумен қатар, осы бөлімде жұмыс жасайтын Америкалық бұрыш жайлы да толық ақпарат берілді.
Кездесудің мақсатына сай кітапханашылар студент жастардың назарына "Шетел тілін оқыту әдістемесі", "Ағылшын тілін оқыту әдістемелігі" сынды республикалық басылымдар мен "Ағылшын тілінің практикалық грамматикасы", "Ағылшын және қазақ тілдерінің салыстырмалы фонетикасы" секілді оқулықтар мен қазақстандық авторефераттарды ұсынды. Шет тілін үйренудегі теориялық және практикалық мәселелер, әдістемелер мен баяндамалар 3 тілде берілгені студенттерді қызықтыра түсті. Сондай-ақ, болашақта ұстаздық етуді мақсат еткен жастарға "Шетел тілін оқытудағы рөлдік ойындарды қолданудағы негізгі мәселелер", "Competition lesson", "Schools in Kazakhstan", "E-teaching and ICT in the language classroom" және т.б. көптеген маңызды мақалалар мен сабақ жоспарларын табу мүмкіндігі жайлы мағлұмат беріліп, тәжірибе кезінде, курстық , дипломдық жұмыс жазу барысында қажетті ақпараттың мол екені атап өтілді.
Ал кездесу соңында көптеген студент Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқырманы екенін айтып, кітапханамен одан әрі тығыз байланыста жұмыс жасамақ ойда екенін атап айтты.