Нағыз талант – үйрене де үйрете де келеді әдебиетке. Ерекше қолтаңбасы көрініп-ақ тұрады.
Осындай ерекше талант иесі - Жұматай Жақыпбаев. Кенежиренімен жер тарпып, Сарноқайды кие тұтып алшаңдай басып келді әдебиетке.
"Жыр-Жауһар" поэзия клубының ұйымдастыруымен кітапханамызда ақынның 70 жылдығына орай өмірі мен шығармашылығын қамтитын "Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде..." атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кешке өңіріміздің жас ақындары Р.Қабидолдин, А.Рахымжанова, А.Ораз, Г.Шалқар, әнші-сазгерлер М.Уәлиев, Қ. Көшкінбай, күйші М. Анықбеков және т.б клуб мүшелері мен поэзия жанашырлары қатысты.
Кеш шымылдығы Жұматай ақын мен жары ақын Зайда Елғонды арасындағы диологпен ашылды. Ақынның музасына айналған Ләйлә ару жайлы жүрек сыры ән болып шырқалып, өлеңдері оқылды. Естеліктер айтылып, өмірі мен шығармашылығы жайлы слайд пен бейнетаспалар көрсетілді. Сонымен қатар, жастар назарына "Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде..." атты кітап көрмесі ұсынылды. Жас ақындар өз шығармаларын оқыды.
Жұматай аз жазса да саз жазған ақын. "Көп жазу міндет емес, әңгіме сапада" – дейді алдыңғы толқын ағалар. Аталмыш кешке де көп адам жиналмаса да айтылған әңгіме дәмді болды. Кештің соңы қызу пікірталасқа айналды.