"Ел іші - өнер кеніші" демекші, кітапханамызда 2015 жылдың 23 қазан күні тамаша жыр кеші өтті.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ғұмыр жасын өлеңмен өрнектеген ақын Қасым Ботановтың шығармашылығына арналған "Жиһангер жұлдыз" атты кездесу кеші әсерлі кездесулердің бірі болды.
Әдебиетке, поэзияға қатысты ойлар қамтылған, танымды әрі тағылымды жыр кешінің ұйымдастырылуына ұйытқы болған белгілі ақын, Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры Қойлыбай Дәулетханұлы Асанов.
Теміртаулық ақын Қ. Ботанов "Нұр жаусын", "Аяулы менің аңызым", "Жиһангер жұлдыз", "Теміртау тұлғалары", "Жанама жалған" атты жыр жинақтарының авторы. Ақынның өлеңдері "Сарыарқа кітапханасы" сериясымен 2014 жылы жарық көрген көптомдыққа енген.
Кездесу Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын С.Ақсұңқарұлының жүрек жарды ізгі тілегімен ашылды. Ал "Құрыш қала KZ" газетінің бас редакторы, ақын Руза Алдашева кешті әдемі де әсерлі жүргізіп отырды.
Ақынның өлеңдері автордың өзімен оқылғаны ерекше әсер берері сөзсіз. Жыр сүйер қауым осы күні ақын өлеңдерін өз аузынан да, ақынның талантына бас иіп жүрген жастар қауымынан да естіп бір марқайды. Ал "Сегіз қырлы, бір сырлы" ақынның өлең жазып қана қоймай, сазгерлікке де "таласы" бар екенін білмеген жұрт осы кештен ол жайлы да білді. Домбыра, пианино, баян, гитара, тағы басқа музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын Қасым аға гитарада өзінің бірнеше әндерін орындап берді.
"Жігітке жеті өнер де аз" деген қағиданы ұстанатын Қасым аға өзге тілді қазақ тіліне, қазақ тілін орыс тіліне тәржімалаған аудармашы, Қарағандыдан Алматыға жаяу барған, алыс-алыс асуларды бағындырған жан-жақты талант иесі, Алатаудың биік шыңына шыққан альпинист, қазақ ұлттық спортына үлес қосқан палуандығымен қоса, ұлттық өнеріміз – айтысқа қатысқан айтыскер ақын екендігін де атап өту қажет.
Бір сөзбен айтқанда Қасым Ботанов он саусағынан өнер тамған дарын иесі.
Ақынның жан-жақтылығын оның теміртаулық достары: ардагер металлургтер Смағұлов Тілеуберді, Бірлікбай Ордабаевтар әдемі естеліктер арқылы жеткізіп, сыр шертісті.
Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды филиалы атынан "Қасым" журналының бас редакторы Серік Сағынтай қазақтың салты бойынша ақын иығына оюлы шапан жапты. "Жыр жауһар" поэзия клубының мүшелері ақынды айтулы кешімен құттықтап, өз шығармашылықтарынан жырдан шашу шашты. Жыр кеші профессор Қ. Асановтың ізгі тілегімен тәмәмдалды.
Әдеби кеш келешек пен кешегі ұрпақтың ортасында аспалы көпір іспеттес болған ақындық жастардың бойын қуатқа, жүрегін шуаққа бөледі.
Өлең өлкесіне 40 жастан асқанда келген ағамызға шығармашылық ізденістеріңіз жемісті, ел ішіндегі орныңыз келісті бола берсін демекпіз.