29 қыркүйек күні кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының 170 жылдық мерейтойына орай "Сәулең болса кеудеңде..." әдеби сайысы өтті.

Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, данышпан ақын, философ Абай Құнанбаевтың қазақ әдебиеті тарихында алар орны ерекше. Кемеңгер ақын шығармаларының қай заманда болмасын маңызы өте жоғары. Өлеңдері мен аудармалары адамгершілікке, имандылыққа, табиғатты суюге, сабырлылық пен білімге құштарлыққа тәрбиелейді. Ал философиялық терең ой жатқан құдіретті "Қара сөздерінің" шоқтығы ерекше биік. Бірнеше ғасыр бойы маңызын жоғалтпастан, қазіргі қоғамның келелі мәселелерін дөп басып, көкейде жүрген сан алуан сұрақтарға жауап беруде.

Әдеби кештің мақсаты өскелең ұрпаққа ақынның философиялық ғақлияларын оқыта отырып Абай тағылымынан сусындату. Абай ізімен ізденімпаздыққа, парасаттылыққа бағыттау.

Абайдың кешін тамашалауға жиылған қауымның саны шексіз болып, зал адамға лық толды. Сырлы сазды кеш "Көзімнің қарасы" әнімен ашылды. Колледж оқушыларының білімділігі мен философиялық ойларын бағалау үшін арнайы әділ-қазылар алқасы жұмыс жасады: Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Ж. Жарылғапов, "Орталық Қазақстан" газетінің аға тілшісі, ақын Мирас Асан, Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Д.Б. Аманжолова.

Сайысқа Қарағанды медицина колледжінен 1 үміткер, Қарағанды гуманитарлы-техникалық колледжінен 3 үміткер , маңызды білім беретін "Болашақ" колледжінен 4 үміткер, көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледжінен 5 үміткер және  шет тілдері колледжінен 1 үміткер келді. Барлығы 14 сайыскер қатысып, бақтарын сынады.

Әр үміткер өзінің қарым-қабілетіне қарай жазған эсселерін жүрекпен жеткізуге тырысты. Сайыс ережесіне сай қатысушылар өз жұмыстарына ғибратты сөздер араластыра отырып, заманауи мәселелерді қозғап өтті. Тіл мәселесі, ғаламтор мен ұялы телефондарға тәуелділік, жастардың әдептілігімен қатар, кітап оқуға деген ынтаның жоқтығы сынды бүгінгі күннің өткір мәселелері жұмыстардан айшықты орын алды деуге болады. Сонымен қатар қаламыздағы әр түрлі ұлт өкілдерінің орталығынан келген жанкүйерлер Абай шығармаларын корей, неміс, қытай, ағылшын тілінде сөйлетті.

Сайыс мәресіне жетті. Жүректері толқыған қатысушылар  мен жанкүйерлер алдына шыққан әділ-қазылар да толқыды. Әділ-қазылар алқасының төрағасы Жансая Жаңғазыұлы: "Абай басқа ақындар сияқты бірден ашыла салмайды, Абайды түсіну үшін өте үлкен ізденіс, үлкен еңбек керек" - екендігін айтты. Сайысқа түскен шығармалар арасында ғаламтордан жүктеп алынған жұмыстардың да жоқ еместігін өкінішпен атап өтті.

Сайыс болған соң жеңімпаз болады. Барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен Абайдың "Қара сөздері" жинағы таратылды. Ал жеңімпаз болып, "Ең үздік эссе" иегері ретінде Көпсалалы гуманитарлы-техникалық колледжінің студенті Әбжан Жандос танылды. Сондай-ақ, үздік эссені облыстың бас газеті "Орталық Қазақстан" баспасында жария ету – ұйымдастырушылардың айтуы бойынша жас дарындардың шығармашылық талантының дамуына кішкене болса да қолдау көрсету болып табылады. Яғни, Ж. Әбжанның шығармасымен "Орталық Қазақстан" газетінен таныса аласыздар. Ал, біз болсақ, сайыстың өтуіне және жас дарындарға қолдау көрсеткен "Орталық Қазақстан" газетіне үлкен алғысымызды білдіреміз!

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Темірхан Медетбек "Менің Абайым" атты эссесінде "Абай әлемі төл әдебиетіміз бен бүкіл әлемдік әдебиеттің үздік үлгілерінің алтын буымен демалып тұрған, өзгеден өзге шаңырақ көтеріп тұрған әлем", деп, парасатты ойдың дариясы, көсем сөздің хас шебері Абайды аса жоғары бағалайды. Абайды оқу арқылы әлемді және өз халқымыздың тарихын терең танып, бойымыздағы адамгершілік қасиеттерді жарыққа шығарамыз. Сондықтан ерінбей Абайды танып, Абайды оқыңыздар!