1 қазан. Күздің ерекше шуақты күні. Халықаралық «қарттар күні» мерекесі күні. Еліміздің қазынасы болып табылатын қарттарымыз бен ардагерлерімізді қошеметтеп, алғысымызды білдіретін күн. Жыл сайынғы дәстүрмен кітапханада ерекше кездесу өтетін күн.

Осы кітапханадағы ерекше мерекелік кездесуге саналы ғұмырларын оқырман қауымды кітаппен қамтамасыз етуге жұмсаған, бүгінгі күні «бейнетінің зейнетін көріп отырған» жандар жиналды. Бұл жай кездесу емес, нағыз достықтың, риясыз ілтипаттың кеші екені анық байқалып тұр. Дастархан басында отырып әңгіме-дүкен құрғанға, өткен шаққа саяхат жасап, болашақ жайлы толғамдар қозғауға, жастарға үлгі-өнеге болып, достық пен еңбекқорлыққа шақыруға не жетсін!..

Кітапхана директоры Д. Аманжолова мереке иелеріне алғысын айтып, ыстық құттықтау ықыласын білдіре отырып, сыйлықтар табыстады. Кітапхананың жас мамандары дайындаған құттықтау концерті жиылған қауымға жылы көңіл-күй сыйлап, мерекені нағыз думанға айналдырды.

«Өмірдің алтын күзі» деген атпен жасалған көрмеге уақыт қойнауынан сыр шертетін, еңбек еткен жылдардың белгісі ретінде сақталған суреттер ілініп, қуанышқа бөлеген еді. Мереке соңында көрме алдында естелік суретке түсіп, суретті естелік ретінде үйлеріне алып қайтты.

«Толқынды толқын қуады...» демекші, жастарымыз осындай игі бастамалар мен дәстүрлерден өнеге ала бермек...