Біздің еліміз – көп этносты, көп мәдениетті және көп конфессиялы мемлекет. Өркениеттер тоғысында тұрған Қазақстан Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны, түрлі мәдениеттер мен діндердің адамдарын жақындастыруда елеулі рөл атқарады. Оны "өркениеттер қиылысы" деп тегін атамаған. Қазақстанда діндердің бейбіт қатар өмір сүруінің өзі оның әлеуметтік және рухани өміріндегі тұрақтылықтың тұрлаулы кепілі болып отыр.

1992 жылы Алматы қаласында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен рухани келісімнің Бүкіләлемдік Бірінші Конгресі өткен. Аталмыш жиынның өткізілуі көптеген шет мемлекеттердің тарапынан үлкен қолдау тапты. 18 қазан – Рухани келісім күні ретінде еліміздің атаулы күндерінің қатарына қосылды. Осы уақыттан бастап бұл мереке елімізде жыл сайын лайықты деңгейде аталып келеді. Осыған орай 16 қазанда Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында "Өркениет альянсы" атты кездесу-диалогы өтті.

Кездесудің қонақтары:

  • "Болашақ" университетінің политология және әлеуметтік- гуманитарлық кафедрасының дінтанушысы, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Яков Федорович Трофимов,
    Орталық мешіттің наиб имамы Мерей Жақия,
    Орталық мешіт имамының көмекшісі Мирас Қасымов,
    Веденский кафедральді соборының священнигі Ахия Рахимжанов,
    "Қазақстанның болашағы үшін Жастар қозғалысы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Үмітжан Балхашбайқызы Амандықова.

Сонымен қатар МБА колледжінің оқушылары мен ЦКА "Фемида" жалпы білім беру орталығы студенттері кездесуде аса белсенділік танытты. Олар қонақтарды қызығушылықпен тыңдап, өздерін толғандырып жүрген тақырыптағы сұрақтарын қойды:
- дін дегеніміз не, қазіргі қоғамдағы діннің алатын орны?
- еліміздегі қазіргі діни ахуал қандай?
- мемлекет пен діннің арақатынасы?
- діни рәсімдерді өткізуде, шоқындыруды қабылдауда, діни нанымның ауысуына діннің көзқарасы? және т.б.

Қонақтардың назарына "Конфессияаралық және мәдениаралық диалог" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге мерзімді басылым беттерінде жарық көрген қызықты мақалалар мен осы тақырыпқа байланысты кітаптар қойылды. Кездесу-диалогтың негізгі мақсаты - жас ұрпақты мәдени, діни және басқа да заңдылықтарды мойындауға, тарих пен мәдениетті құрметтеуге тәрбиелеу және келісім мен бейбітшіліктің шекарасын қалыптастыратын өркениет диалогы екенін көрсету болып табылады.