2015 жылы 26 мамыр күні кітапханада «Ұрпаққа аманат, болашаққа сабақ» атты Өлкетану клубының отырысы өтті.

Әр күні өзгерістерге толы қазіргі кезеңде сарғайған тарих парақтары қайта ақтарылып, өткен ғасырдың отызыншы жылдарының ойранында опат болған азаматтардың аттары жала мен күйеден тазартылып, мұралары жинақталып, халқымен қайта табысуда. Сондай тұғыры биік тұлғаларымыз – Имам Әлімбековтың туғанына 130 жыл, Нығмет Нұрмақовтың туғанына 120 жыл, Бірмұхамед Айбасовтың туғанына 120 жыл толып отыр.

Осыған орай,қазақ халқының тарихындағы қасіретті кезеңде солақай саясаттың құрбаны болған қазақ халқының зиялылары туралы оқырмандарға мағлұмат беру, олардың есімдерін құрметтеуге, ұмытпауға тәрбиелеу мақсатында «Ұрпаққа аманат, болашаққа сабақ» атты Өлкетану клубының отырысы ұйымдастырылды.

Клуб отырысы 2015 жылы 26 мамыр күні Н.В.Гоголь атындағы ОӘҒК өтті.

31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараға экономика ғылымдарының докторы, профессор, 1300-ден астам ғылыми және әдеби-публицистикалық еңбектердің авторы Рашид Саттарұлы Кәренов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Е:А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нің археология, этнология және Отан тарихы кафедра меңгерушісі Қанат Сәдуақасұлы Өскенбаев, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Нығыметтанушы, Н.Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының тарих пәні мұғалімі Рымтай Қаппасқызы Қаппасова, Н.Нұрмақовтың туысы, жиен қарындасы Тамара Тағатқызы Смағұлова, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Әділет Бауыржанұлы Жағыпар және қаламыздың жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысты.

Кезекті отырыста тарихшы ғалымдар туған халқының мүддесін өздерінің өмірінен жоғары қойып, сол үшін әділдік, шындық іздеп шарқ ұрған, жарқын болашақ үшін бар өмірін сарп еткен, кешегі қызыл империяның тоталитарлық машинасының табанында жаншылып, саяси-қуғын сүргін құрбаны болған қазақ азаматтары жайлы тарихи деректер мен мәліметтер айтты. Зұлмат жылдары Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, соның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. «Халық жауларын» анықтау деген бүркемемен сынықтан сылтау тауып, адамдарды қуғын-сүргінге ұшыратқан қатал саясаттың азабын жазықсыз жапа шеккендер ғана емес, олардың туған-туыстары да тартқаны туралы да айтылды.

Нығметтанушы Р.Қаппазқызының қазақ халқының экономикалық, әлеуметтік, мәдени өмірінің өркендеуіне елеулі үлес қосқан, тарихта орны айрықша тұлға – Н.Нұрмақов туралы жасаған бейне баяндамасы оқырмандарға үлкен ой тастаса, көпсалалы гуманитарлық техникалық колледжінің оқытушылары Д. Оразбаева мен Г. Мақсұтованың студенттерімен бірге даярлаған «Ұрпақтарымен мәңгі жасайтын есімдер» атты поэзиялық шолуы оқырмандарды ерекше күйге енгізгендей болды.

Өткен тарихымызды қаншама талқыға салсақ та, оны өзгертуге күшіміз жетпейді. Ол мәңгілікке қалыптасқан тарих. Ол кезеңнің көптеген қиыншылықтары да артта қалды. Арамыздан мәңгілікке кеткен ұрпақтардың үміті мен талпыныстары, түсініктері мен қайғылары да қайтпасқа кетті. Күнәсіз сотталып, туған жерлерінен аяусыз айдалып, түрмелерде жазықсыз көз жұмған миллиондаған адамды еске алу әрі есте сақтау Тәуелсіз Қазақ елінің әрбір азаматы үшін қасиетті парыз болып қала бермек.

Орындаған С.О.Телпекбаева