Үстіміздегі жылдың 21 қазан күні ның ұйымдастыруымен "Әлемге әйгілі қаламгер" атты Мұхтар Әуезовтың 115 жылдығына орайластырылған риясыз кеш өтті. Республика көлемінде болып жатқан атаулы оқиғадан поэзия клубы шет қалған жоқ. Әлемдік дәрежедегі қазақтың ұлы жазушысы – 20 ғасырдың алып тұлғасына айналғалы қашан. Көктен түскен 4 кітаппен (құран, таурат, інжіл, забур) пара-пар "Абай жолы" - қазақтың жолы.

"Абай жолы" романының жарыққа шыққанына, міне 70 жылға ат басын тірепті. Алғашқы қазақтың роман-эпопеясында халықтың тұрмыс-салты, дәстүр, өмірдің шым-шытырық шытырманы, әмеңгерлік, махаббат пен ғадауат, поэзия, табиғат пейзажы, азапты ғұмыр мен ғажабы, сыңсу, қара жамылу, жақын бауырдан айырылу, адамгершілік пен надандық, білім мен ғылым, барымта, рулық кеңестер барлығы қамтылып, бояуы анық берілген. "Абай жолы" жайлы француз жазушысы Луи Арагон "Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл, менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі" десе, "Абай жолын" оқыған Бенжамен Матип "қазақ неткен ғажайып халық" деп өзін-өзі ұмыта таңырқап, Константин Федин "өзінің қалай қазақ боп кеткенін білмей қалған". Сондықтан да бүгінде Л. Н. Толстойды оқымай орысты, О. Бальзакты оқымай французды білдім деу қандай қиын болса, Әуезовті оқымай қазақты білдім деу сондай қиын.

Сондай – ақ, Мұқтар Әуезовтың ең үздік шығармаларының бірі саналатын "Қорғансыздың күні" әңгімесі өзара талқыға түсіп, әртүрлі пікірлер айтылып жатты. Үстем тап, басыбайлы өкілдерінің қаршадай қызға жасаған озбырлығы жайлы айтылатын әңгімеде заманның шындығы бейнеленген. Ғазизаның жазықсыз бейнесі, қарт әженің дәрменсіздігі, анасының жарымжандығы қорғансыздың көрінісі еді. Қара жамылып отырған шаңырақтың астан-кестенін шығарған "жолаушылар" әлімжеттіктің формасы. Отағасы дүниеден озғаннан кейінгі қара шаңырақтың күйі. Соңында, Ғазизаға жасалған озбырлықтан соң, қаршадай қыздың намысын, арын биік қойып бұл жалғаннан зәру таппай әкесі мен ағасының қабіріне келіп, о дүниелік болуы. Мұқтар: "Ғазизаның аппақ жүзі "мен тазамын" дегендей нұрланып тұрды" дейді. Сай-сүйегіңді шымырлатып, жүрегіңді шым еткізер әңгіме осындай түйінмен аяқталады. Бұндай сюжеттер біздің заманымызда да кездеседі.

Осындай рухани серпілістен соң көкірек көзі ашылып, өмірге сұлу көзбен қарағандай болдық. Эпикалық туынды мен трагедиялық әңгімеден соң "Жыр – Жауһар" поэзия клубының ақындары акварельдің бояуындай, мөлдір тамшыдай өлеңдерін оқыды. Және де клубқа жаңадан қосылған жас өрендер таныстырылып, әдебиет әлеміне қош келгендігін айтып жатты. Кеш соңында, клубтың 7 бірдей ақыны – Қуаныш Медеубаев, Рауан Қабидолдин, Ерболат Қуатбек, Айзада Рахымжанова, Назерке Түсіпбекова, Салтанат Қайырбек, Айзада Садуақасова Халықаралық "Шабыт" фестиваліне жолдама алғандығы туралы сүйінші хабар жетті. Жас ақындарға сәттілік тілейміз!