Мың шыбық шаншып өсірсең -
Халқыңа орман салғаның.
Халқыңа орман салғаның -
Өзіңе қорған салғаның.
Халық даналығы
Бүкіл жер бетіндегі адамзатты қатты ойландыратын және кезек күттірмейтін мәселелердің бірі — табиғи ортаны қорғау, табиғатты тиімді пайдалану. Соңғы кезде қоршаған ортаның ластануы барынша көкейкесті мәселелерге айналып отыр, өйткені техникалық прогрестің және адамның ойланбай жасаған әрекетінің салдарынан өмір сүруге қажетті нәрселердің бәрі ластануда.
Экология – ол қоршаған орта, ал қоршаған орта дегеніміз – табиғат. Осыған орай, дүниежүзі халықтарының игі бастамаларының бірі - Жер Күні мерекесін атап өтуді дәстүрге айналдырғаны.
Жер Күні 1970 жылы алғашқы рет мейрам ретінде атап өтілді. Жер ғаламшарының осал әрі жұтаңданған қоршаған ортасына ұқыптылықпен қарауға үндейтін халықаралық жоба кез келген адамдарды, топтар мен ұйымдарды топтастыруға арналған. Дәл осы күні талдар отырғызылып, аймақты абаттандыру жұмыстарымен айналысу қағида ретінде қалыптасқан. Қазір ол дүниежүзінің 167 мемлекетінде атап өтіледі.
Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының Американдық бұрышының бастамасымен 22 сәуір күні "Табиғат - алтын бесік" - "День земли" - "Earth Day" атты балалар шығармашылығының облыстық көрмесі өткізілді.
Іс-шараның мақсаты: оқушыларға қоршаған ортаның ластануы мәселесіне бей-жай қарамай, тіршілік маңыздылығы жайында өз көзқарастары мен ойларын білдіруге, тіршіліктің ары қарай жалғасуына үлес қосуға шақыру, келешекте табиғат тағдыры өз қолдарында екені жайында толық түсінік беру.
Биылғы жылы Жер күні мерекесіне орай өткізілген көрмеміз қалалық дәрежеден облыстық дәрежеге көтеріліп, жүз шақты суреттер назарға ұсынылды. Сурет - бұл адамзат баласының заманнан-заманға рухани эстетикалық байлығы ретінде ұласып келе жатқан өнер саласы.
Сурет тілін тану әрбір адамның қолынан келе бермейтін өнерлердің бірі. Көрмеге SOS балалар шағын ауылынан, "Нюанс" арт-студиясынан, кітапхананың бұрыннан бері келе жатқан әріптестері - №1 балалар көркемөнер мектебінен, "Ровесник" балалар және жас өспірімдер клубының "Такуми Ори-ката" оригами үйірмесі шеберлерінің жұмыстары паш етілді.
Көрменің салтанатты ашылуына кітапханамыздың басшылығы,жас өнерпаздар мен олардың ата-аналары жиналды. Көрермендер жиыннан кейін Шағын бизнес оқу орталығынан келген америкалық Эшли Хелстедпен бірігіп "Табиғатымызды қорғайық!" атты дөңгелек үстелде бас қосып, ағылшын тілінде ойларымен бөлісіп, сұхбаттасты.
Аталмыш көрме сәуір айының 27-не дейін жалғасын табады. Ұсынылған жұмыстар әділ қазылар алқасымен қаралып,қорытындыланады.