Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын атап өту - келешек жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік, адамгершілік тәрбиені сіңіру үлкен маңызы бар шара. Осы мерейтой аясында кітапханада сұрапыл күндерде ел тыныштығына қалқан бола білген аға ұрпақтың ерлік даңқын паш ететін мазмұнды түрлі шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп жатыр.
2015 жылдың 16 сәуір күні Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы мен Н.Н. Асеев атындағы Курск облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы арасындағы мәдени ынтымақтастық келісім бойынша ұйымдастырылған "Поклонимся великим тем годам..." атты он-лайн конференция өтті.
Онлайн-конференцияны модераторлар Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды ОҒӘК директорының орынбасары Пак Валентина Иосифовна және Н.Н. Асеев атындағы Курск ОӘҒК директорының орынбасары Тевосян Нелли Сергеевна жүргізді.
Шарада кітапханашылар мен шақырылған қонақтар арасында екі жақты диалог болды. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Димиденкова Наталья Игоревна "Бәрі де майдан үшін, Бәрі де Жеңіс үшін!" атты презентациясында соғыс өрті Қарағандыдан сан мыңдаған шақырым қашықтықта өтіп жатқанымен, Арқа жерінің тұрғындары көрген тауқыметті мәлімдейтін тарихи деректермен таныстырып, Қарағанды облысының да бұл жеңіске қосқан үлесі зор екенін айтып өтті.
Сөз кезегін алған Курск мемлекеттік университетінің аспиранты, Н.Н. Асеев атындағы Курск ОӘҒК электронды ақпараттар секторының кітапханашысы Бондарев Яков Александрович "Курская битва: опыт сохранения исторической памяти" атты баяндамасында Н.Н. Асеев атындағы Курск ОӘҒК әскери-патриоттық тәрбие беру жұмысы нәтижесімен таныстырды.
Соғыстың зардабын шегіп, жеңіс туының желбіреуіне куә болған тыл ардагері Соложенкин Илья Акимович пен еңбек ардагері Пішенбаев Әбдісәмет Мүсінұлы өз естеліктерімен бөлісті.
Он-лайн диалогын тарих ғылымдарының кандидаты, РФ еңбегі сіңген қызметкері Кононов Николай Григорьевич "Колхозное крестьянство Курской области-фронту в 1941-1945 годах" тақырыбында баяндамасын жалғастырды.
Осындай ерекше форматтағы кездесуге кітапханада жұмыс жасайтын "Жас өлкетанушы" үйірмесінің мүшелері арнайы шақырылған болатын. Соғыс деген суық сөздің не екенін кітаптан, теледидардан, кинодан, түрлі тарихи ескерткіштерден, тарих сабақтарынан білетін жас ұрпақ бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлерді көздерімен көріп, құлақтарымен тыңдасын деген ниет бұл. Аталмыш үйірменің балалары кездесуге бос келмей, жүректерінен өткізіп, өздері дайындаған "Поэтическая летопись войны" атты әдеби композицияны жеңістің шырағын жаққан ардагерлерге мерекеге шашу ретінде ұсынғаны кездесуді ажарландыра түсті.
Жеңістің қандай қиындықпен келгенін жадымыздан өшірмей, өскелең ұрпақ санасында жаңғыртып отыру қажеттілігі мақсатымен өткен шарамыз өз мақсатын орындаған еді. Қазақстан мен Ресей елдері арасындағы ортақ тарихи даталарға арналған осы сынды кездесулер мәдени ынтымақтастық арқасында жалғасын таба бермек.
Орындаған С.О. Телпекбаева