1941-1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстың ерлікке толы қаһарлы жылдары барған сайын алыстап, тарих қойнауына сіңіп барады. Бірақ сол бір естен кетпес қасіретті жылдар неғұрлым алыстаған сайын, соғыс салған жара неғұрлым жазылған сайын қан майданға қатысып қанын төккен аяулы ата–әкелеріміздің есімдері тарих төрінде айшықтала түсуде.

11 наурыз күні Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдық мерекесіне арналған "Жеңіс жыры асқақтасын жаңғырып" атты кездесу кеші өтті.

Кешке арнайы қонақ ретінде қатысқан тыл ардагерлері Савкова Антонина Павловна, Литвинец Николай Кириллович, Сазанова Анна Александровна, Ешмағамбетов Болат Ешмағамбетұлы, Авдеева Нина Сергеевна – соғыс кезіндегі бастарынан өткізген мехнаты мол қиындықтары жайлы естеліктерімен бөлісті.

Қонақтардың құрметіне кеш ұйымдастырушылары тарапынан концерттік бағдарлама көрсетілді. Қарағанды гуманитарлық колледжінің "Үрмелі аспаптар" қыздар оркестрі ардагерлерді мерекелерімен құттықтап, шараның соңына дейін сұрапыл жылдардың әсерлі әуендерімен сүйемелдеп отырды. "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жас талапкерлері соғыс тақырыбындағы өз өлеңдерін оқып, әуелетіп ән салып, тамылжытып күй тартты. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері белгілі белорус жазушысы А.В. Макаенканың "Трибунал"   пьесасынан үзінді сахналап, көпшілікті баурап алды. Жеңіс рухын қайта жаңғырту мақсатында "Жеңіс қолтаңбасы" атты бейнеролик көрсетіліп, "Ұлы соғыс жолымен = Дорогами большой войны" кітап көрмесіне шолу ұсынылды. Кездесу барысында кішкентай бүлдіршіндер Жеңіс тақырыбындағы өлеңдерді жатқа оқып,  ардагерлерді құттықтап, гүлшоқтарын табыстады. Кешке қатысқан ардагерлер жас ұрпаққа ақ баталарын беріп, толағай табыстар тіледі.

Уақыт өткен сайын қатары сиреп бара жатқан соғыс және тыл ардагерлерімен болған бұл кездесу – жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал жасайтыны ақиқат.