Тәуелсіз Қазақстан тарихының беттерінде 2015 жыл - ерекше жазылатыны анық. Өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілткен Тәуелсіздіктің арқасында түп тарихымызды түгендеуге, ұлыларымызды ұлықтауға зор мүмкіндіктер алдық. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту - халқымыздың ел болу жолында басынан кешкен тағдыр - талайын зерделеуге, ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығы мен жерінің бүтіндігін мұрат еткен батыр бабаларымыздың ерен ерліктерін терең ұғынуға жетелейді.
Кітапхана қызметкерлерінің қаламыздағы №41 қазақ орта мектебінде 4 наурыз күні ұйымдастырған "Тіл және тарих: Ұлт рухының алтын қазынасы" атты ақпарат күнінің басты мақсаты да осы болды. Шараға жиналған ұстаздар мен оқушыларға кітапхана қорындағы Қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның тарихынан мол мағлұмат беретін тарихи құжаттар, зерттеулер, қазақ халқының ұлттық тілі – қазақ тілі жайында жазылған әдеби сын мақалалар, әдістемеліктер слайд бойынша көрсетілді. Шара соңында оқушылар кітаптармен жақынырақ танысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.