2014 жылдың 10 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Н.В. Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында "Тәуелсіздік белесі – ЭКСПО-2017" атты поэтикалық батл өткізілді.
Шараның мақсаты мен міндеттері: Тәуелсіз Қазақстан халқының қол жеткізген жетістіктерін дәріптеу арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру, жастар мен жеткіншектердің поэзияға қызығушылығын қалыптастыру, шығармашылық дағдыларын жетілдіру, талантты жастарды ынталандыру.
Шаршы топтың алдында суырылып сынға түсуге, қаламының қарымы мен білімінің тереңдігін көрсетуге шаһарымыздағы 8 оқу орнының, яғни, Қарағанды Мемлекеттік Медицина университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті, Шет тілдер колледжі, коммерциялық колледж, "Болашақ" колледжі, Медициналық колледж, Гуманитарлық колледж, Тәттімбет атындағы "Өнер" колледжінің сөз өнерін кие тұтқан, талант құдіреті бойына дарыған, жүрегінің оты бар жігерлі 20 студенті үш кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. "Жаңа дәуір энергиясы" тақырыбы бойынша дайын туындыларын оқыған қатысушылар сыннан мүдірмей өтуге барын салды. Бірі жатқа оқыса, бірі мәнерге салды. "Жыр-тұғырым Тәуелсіздік" кезеңінде билет алу арқылы тақырыптарын анықтаған талапкерлердің кейбірі таңдап алған тақырыбы бойынша не жазарын білмей дағдарса, кейбірі тез жинақталып қаламын ала сала жазуға кірісті. Суырып салмалық пен шапшаңдық, тапқырлық қажет болды жастарға. Қоғамымыздың қазіргі тыныс- тіршілігін, тәуелсіз еліміздің тарихынан хабардар болуы ой қазық болды жырларына. Ең бастысы сөз қаруын асынған талапты жастың қиыннан-қиыстырған жыр жанартауы өз бағасын алды. Сайдың тасындай іріктелген 12 үміткер өтті шешуші кезеңге. "Кітапхана - қаланың төл құрдасы" тақырыбында кітапханамыздың 80 жылдық мерейтойына қалам тербеу керек болды бұл жолы. Таныс та жақын тақырып болса да қаламның тосылып, тосырқағаны да осы кезең болды. Кітапхана ауылынан, кітап әлемінен алыстап бара жатқан бүгінгі ұрпақтың көрінісі қылт етті осы арада... Дегенмен, тығырықтан жол тауып, тұщымды ойын бедерлі сөз кестесімен өрнектей білді кейбірі. Өзі мен өнерін көрсетуге келген, талабын ұштап, қанатын қомдаған жас қырандарымыздың өзіндік қолтаңбасын бағалап, жеңімпазды анықтау Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университеті филология факультетінің аға оқытушысы Жұмагелдин Жанайдар бастаған қазылар алқасын біраз әуреге салғандай... Облыстық жастар бастамашылдығы орталығынан келген Ахатұлы Ақжол, ақын қыз Смағұлова Салтанат, Қарағанды экономикалық университетінің аға оқытушысы Келмағамбетова Шолпан Сағынтайқызы бірлесіп жеңімпазды таңдады әйтеуір.
"Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" шыққандар:
Бас жүлде - Нарын Ерік (Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ),
1орын - Мақатай Ербұлан (Гуманитарлық колледж),
2 орын - Жанарбек Мақпал ("Болашақ" колледжі)
3 орын - Кулешова Алиса ("Өнер"колледжі).
Батлға "Kinoplexx" кинотеатры демеушілік жасады. Барлық қатысушылар дипломдар мен алғыс хаттармен марапатталды.
Ел тарихы, жер тарихы жайлы, Тәуелсіздікке жету жолындағы тарих пен қазіргі Қазақстанның жетістіктері туралы "Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы" атты кітап көрмесі таныстырылды жалпыға. ЭКСПО-туралы мағлұматтар айтылып, викториналық ойын ойнатылды. Әннен шашу шашылып, шабыттанған жастар жағы ән тізбесін жалғастырып, жыр шумақтарын оқуға сұраныстарын білдіріп жатты. Көптің бұл жиыннан да біршама ой түйіп қайтқаны даусыз.