2012 жыл... Қазақ елі тағы бір мәрте әлем назарын өзіне аударды.

Тағы бір мәрте қуанышты хабардың куәгері болды.

Францияның Париж сияқты бас қаласында Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында бас қосқан әлемнің 161 мемлекетінің 103-і өз дауыстарын санаулы жылдарда талай белестерді бағындырған ару қала Астанаға берді. Дүниежүзілік ауқымда беделі бар халықаралық мамандандырылған ЭКСПО көрмесін 2017 жылы "Болашақ энергиясы" тақырыбында өткізу құқы біздің елімізге бұйырды.

 

"ЭКСПО - 2017" көрмесіне арналған ең бірінші "Болашақ энергиясы: ауаға шығарылатын СО2 мөлшерін азайту" тақырыбындағы I Халықаралық форум да болып өтті.

Қазақстан елінің ғана емес жаһандық озық технологиялар жетістігін паш ететін көрме экономикамыздың дамуы мен әлеуметтік жағдайымыздың артуына зор мүмкіндік берері анық.

Кітапхана іргесінде ашылған "Болашақ энергиясы" атты кітап көрмесінен оқырман қауым кітапхана қорындағы "Жасыл экономика" тақырыбына байланысты баспа құжаттарымен және ЭКСПО көрмесін өткізу қарсаңында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы мерзімді басылымдар беттерімен таныса алады. Қысқа да нұсқа деректерді қамтыған ақпараттық парақшалардан диаграмма арқылы жалпы энергия жайлы мәліметтерге қанығып, көрменің логотипі, тұмары туралы, ЭКСПО – шаһар туралы біле алады. Қажетті мәліметтерге берілген QR – код арқылы тез қол жеткізе алады.

Болашақтың энергиясы – бүгіннен басталады.

Елімізде болып жатқан елеулі оқиғалардан сырт қалмаңыздар.