Табиғатқа тіл бітірген Оралхан табиғаттың өзіңе айналып кеткендей. Жазушының "Қар қызы", "Сайтан көпір", "Жылымық" т.б. әңгімелерінде табиғат-ананың жүрегі соғып тұрады. Тау – биік, заңғар жаратылыс. Таудың түрлі тылсым жұмбақтары бар. Оның кілті – Алтайдың, қазақтың Кербұғысына бұйырған сынды. Өскелең ұрпақтың көкжиегінде осы ойлар белгі берді. Бұған дәлел Қарағанды облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында 30 қыркүйек күні өткен "Еркіндігін аңсаған Кербұғы тіпті де өлген жоқ» атты өрелі кеш. Жалпы кеш "Бір ел – бір кітап" акциясы бойынша таңдалып алынған Оралхан Бөкейдің "Қайдасың, қасқа құлыным" әңгімелері мен повестері болатын.

Кеш барысында, жақында ғана өткен Республикалық Оралхан оқуларынан өзінің өнерін көрсетіп келген №61 ЖОМ оқушысы Оразов Күмісбектің орындауындағы "Тортай мінген ақбоз ат" әңгімесінен монолог оқылды. Күмісбек жас та болса, өзінің талантының тебіндеп келе жатқандығын байқатты. Күмісбекті Тортайдың өзі ме деп қалдық. Актер – рөлде ойнамайды, ол өмір сүреді дегендей, монолог шынайы сомдалды.

Кешті ұйымдастырған аталмыш кітапхананың іргесінен құрылған "Жыр – Жауһар" поэзия клубының жас ақындары романтизм мен лирикаға толы өлеңдерін оқып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Поэзия – ақынның соңғы демі. Ақын – халықтың шығармасы деп жатады. "Өнер биіктеген сайын, сор қалыңдай түседі" дейді қазақ. Секундтар, минут, сағат, күн, ай, жылдар өткен сайын осыған көзіміз жетеді.

Жалпы, бұл әдеби кешті – жазушы мен жас өрендердің арасындағы диолог іспеттес деуге болады. Әдебиет – опасыздық, арсыздық, мәңгүрттікке тосқауыл һәм қалқан болатын алпауыт күш. Қазақ жастарының рухани қуаты семіп қалмаса деген игі ой бар. "Жыр – Жауһар" поэзия клубының жасап жатқан жұмыстары осы бағыт, осы қағидаға саяды.

"Мен осы қартаймайтын шығармын" депті ғой жарықтық. Үнді жерінде ақырғы демі үзілген Оралхан сол Таж-Махалдың сәулетіңдей ғұмыр кешіпті.