2012 жылдың 18 қыркүйек күні Қарағанды облыстық мәдениет басқармасы және Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Қ.Аманжолов атындағы аллеядағы Қасым ескерткіші алдында "Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ..." атты дәстүрлі II Қасым оқулары өтті.
Екінші мәрте өткізіліп, түлен түріп отырған Қасым оқулары барлық ақындардың бір ауыздан келіскен өрелі ісі болды. Атаулы шара жалғасын тапқанына қуаныштарын білдіріп, жұмыла кіріскен еді.
Сөз басында Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты, ақын Абзал Бөкен Қасымды Маяковскиймен бір деңгейге қойып, Жұмекеннің "от шайнап, шоқ бүркіген" ағасын ұстаз тұтқандығын тілге тиек етті. "Балдақты кісі" өлеңінің тарихын айтып, жұртшылық алдында оқып берді. Арқалы ақындарымыз Бағдат Мүбарак, Қуаныш Медеубаев, Рауан Қабидолдин өлең оқығанда, Мағжандар мен Қасымдардың сәуегейлігіне бас идік. "Дүниеге келер әлі талай Қасым" демеп пе еді Қасекең?! Қасымның ғасырлық тойы біраз істің жеңін шығарғаны белгілі. Сол үлкен істің бірегейі Республикалық "Қасым" журналының жалғанның жарығына шығуы болатын. Аталмыш журналдың бас редакторы, ақын-жазушы Серік Сағынтай үміт артқан жүгін жықтырмай, тұяғын тоздырмай, ақберен журналдың атын асқақтатпаса төмендеткен емес. Ағамыз Қасым оқуларынан да табылды. Редакция ұжымы осы жылғы жаңа сандарын қатысушыларға тарту етті.
Ақынның өлеңдерінен поэтикалық эстафета өткізілген мерекеде Қарағанды Гуманитарлық колледжінің студенттері мен Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ студенттері, Н.Нұрмақов атындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатының, №6 жалпы білім беретін орта мектебінің оқушылары белсенділік танытты. Бірінен соң бірі суырылып шығып, интеллектуалдық өреліктерін байқатты. Қасымның әйгілі "Дариға, сол қыз" һәм "Өзім туралы", "Жас дәурен", "Ақ сәулем" әндерін білмейтін қазақ кемде-кем. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің белгілі әншілері Сержан Мұсайын (былтырғы өткен Қасым Аманжолов атындағы әншілер байқауының лауреаты) мен Меруерт Башайдың көмейінен ән төгілді. Кеш соңында шараның басы-қасында жүрген Облыстық кітапхананың жанынан құрылған
"Жыр – Жауһар" поэзия клубының жас ақындары өлең оқып, көрерменнің алғысына бөленді.
Кезінде Вознесенский Пушкин ескерткішінің қасында тұрып айтқан екен: "Мен Пушкиннің тас мраморына емес, тірі Пушкиннің өзіне табынам" деген екен.
Қасым Аманжоловтың түбінде тұрып, осы ойлар көкейімізге орала берді. Қасым тірі, өзінің өміршең өлеңдерімен мәңгілік жасай бермек. Қызыларайдың Арайлы ұлы ғана емес, Ол Қазақтың найзағайдай жарқылдаған Жасыны. Өртке оранған Жасын Біздің жүрегімде лаулап жатқанына кәміл сенеміз.