Биыл Бір ел – бір кітап республикалық акциясы бойынша жаппай оқуға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы әдеби сыйлығының, "Тарлан" сыйлығының және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ әдебиетіндегі Б.Майлиннен кейінгі қысқа әңгіме жазудың хас шебері, үлкен суреткер Сайын Мұратбековтың "Жусан исі" мен "Басында Үшқараның" шығармалары таңдалды.
Осыған орай, 7-8 сәуір күндері кітапханада жыл кітабын насихаттау мақсатында "Жусан иісті дара талант" атты кітап көрмесінің таныстырылымы өтті. Шараға негізінен мектеп кітапханашылары шақырылды.
Көрмеге Сайын Мұратбековтың кітаптары, жазушы туралы, оның еңбектері жайлы қаламгерлердің зерттеулері, 1960-70 жылдардан бастап мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген жазушының шығармалары мен өмір жолы туралы жазылған мақалалар, жазушының жары жазған естеліктер жинақталды.
Қатысушылар "Бір ел – бір кітап" жобасының шығу, даму тарихымен және Қазақстандық "Бір ел – бір кітап" республикалық акциясының тарихымен танысты. Сайын Мұратбековтың өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы слайд-презентация көрсетілді.
Кітапхана қызметкері Б.Абеуова "Жусан исі" мен "Басында Үшқараның" шығармаларының мазмұнын түсіндірді. Әр шығармасында адамның рухани байлығына - жан дүние сұлулығы мен сезім шынайлығына, көңіл тазалығы мен мұрат биіктігіне айрықша көңіл бөлген С.Мұратбеков шығармаларын мектеп оқушыларының арасында насихаттау мен оқытудың өзектілігіне тоқталып, қатысушылардың "Бір – ел – бір кітап" акциясына барлық қала тұрғындарының қатысуын қамтуға өз үлестерін қосуға шақырды.