4 сәуір күні жазушы, өлкетанушы, зерттеуші, С.Сейфуллин атындағы сыйлықтың иегері Кәмел Жүністегінің 75 жылдық мерейтойына арналған "Зерделі қаламгер" атты әдеби кездесу кеші өтті.

Киелі қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын жаңаша жол қалыптастырып, өзекті де өткір шығармаларымен оқырман жүрегінен өшпес орын ала білген К.Жүністегінің 75 жылдық мерейтойына арналған әдеби кездесу кеші жоғары деңгейде, өте көңілді өтті.

К. Жүністегі өлкетанушы ретінде көпшілікке мәлім. Шет өңірінен шыққан ұмыт болған Шортанбай жырау, Диа қажы, Қақпан ақын, Төлеубек, Хасен, Жәкен, Тәшен, Маясар, Түсетай, Сәрінжіп, Оқа ақындардың шығармашылығын зерттеген. Көптеген зерттеу жұмыстары аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға жарияланды.

"Дос көңілі", "Көне хикая", "Көксеу", "Көксеңгірдің тасында", "Соңғы Абыз", "Ұлы пайғамбар және ұрпақтары", "Шырағдан", "Қоңыр Құлжа", "Мөрші", "Арманым оттан өрілген", "Едіге", орыс тілінде "Вожак" кітаптарының, "Құба белдер" трилогиясының, "Тар заман" спектаклінің авторы.

Кешті белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Жұмағұлов жүргізді.

Алғашқы болып сөз алған Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы бастығының міндетін атқарушы Е.М.Ағымбаев облыс әкімі Б.Т.Әбдішевтің құттықтау хатын оқып, жазушыға зор денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі.

Сөз тізгінін алған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын С. Бексейіт, журналистер А. Құрмансейіт. С. Жанысбай қазақтың қасиетті сөз өнерінде жазушының алар орны ерекше екендігіне тоқталды. Кәмекеңнің қай шығармасын оқысаңыз да шынайы суреткердің ақиқаттың аясынан, шындықтың сүрлеуінен ауытқымай, өмір-ғұмыр арпалысында азаматтықтың арқау жібін үзгізбей, ізгілігін зұлымдықтың желкесін үзер гүрзісіне айналдырып алған тұлғаларымен кездесетінін айтып өтті.

Өз кезегінде саңлақ жазушы К.Жүністегінің бір сыныпта оқыған сыныптастары жазушының балалық шағынан естеліктер айтып, оның жастайынан еңбекқор, патриот, өр екендігін тілге тиек етті. Өз достары К.Жүністегімен мақтанатындарын жеткізді.

Кеш барысын қалықтатып жазушының авторлық әндері де шырқалды. Н.Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп интернаты мен №61 мектеп оқушылары К.Жүністегінің отты өлеңдері мен прозалық шығармаларынан үзінділерді нақышына келтіріп оқып, оқырманды баурап алды.

Мерейтой иесі оқырмандардың сұрақтарына жауап беруімен қатар "Есеп" партиясы құрылуында болғандағы бастан кешкен оқиға жайлы жастарға айтып беріп, болашақта көп шығармашылық жоспарларымен бөлісті.

Кешке арнайы шақырылған орта мектеп ұстаздары өз ұжымдарында К.Жүністегінің шығармашылығын насихаттау мақсатында жазушымен кездесу ұйымдастыру қажеттілігі жайлы айтты. Өлкетану бағдарламасына енгізіп, жазушының шығармашылығын насихаттаймыз деген ізгі ниетпен тарқасты.


Әлиман, Ж.  Қаламгерге құрмет - оқырманнан міндет // Орталық Қазақстан. - 2014. - 8 сәуір. - 6 б.