Қарға тамыр Қазақ елі орыстың  бодандығын қабылдамас бұрын, ата-бабаларымыз әз Наурыз мерекесін өте биік деңгейде жыл сайын тойлайтын болған. Наурыз тойында аузы дуалы ақсақалдар жиылған халыққа бата береді екен. Берген баталарының әсерлілігі, шынайылығы соншалық, қол жайып отырған халық елжіреп жылап отырып, әумин деседі екен...

Омар Жәлел

Ұлттық мерекеміз Наурызды ұрпақ санасында қайта жаңғырту және оны жыл сайын дәстүрлі түрде мемлекеттік түрде тойлауды насихаттау мақсатында Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жұмыс жасайтын «Жыр-Жауһар» поэзия клубының ұйымдастыруымен 2014 жылдың 18 наурыз күні «Қош келдің - әз-Наурыз» атты мерекелік, танымдық - сазды кеш болып өтті. Тарқата айтсак...

Мерекелік кешті «Жыр Жауһар» поэзия клубының жетекшісі жас ақын Жәлел Қуандықұлы мен жас ақын Қарағанды Гуманитарлық колледжінің студенті Сембекова Еркегүл жүргізді.

Аталмыш іс-шара Қарағанды қаласының 80 жылдығы, қазақ прозасының саңлағы Саттар Ерубаевтың 100 жылдығы, Облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың 80 жылдық мерейтойларына орайластырылып, айтулы мереке топтық сайыс түрінде өткізілді.

Мерекеге арнайы ұлттық құндылықтарымызбен жабдықталған сахна дайындалып, «Әз- Наурыз» атты мерекелік кітап көрмесі көрермен назарына ұсынылды.

Кеш барысында клуб мүшелері «Бұқар жырау көшесі», «Саттар Ерубаев көшесі», «Сәкен Сейфуллин көшесі», «Қасым Аманжолов көшесі» болып сайысқа түсіп, аталмыш көшелер мен  Қарағанды қаласының тарихын, ұлттық мерекеміз, жыл басы «әз-Наурызды»  өлеңмен өрнектеп, С.Ерубаев пен Бұқар жыраудың үздік шығармаларын шеберлікпен жатқа оқыды. С.Сейфуллин мен Қ.Аманжоловтың өмірінен алынған әсерлі сахналық көріністер көрсету арқылы образдарын сомдап жиылған жұрттың таңдайын қақтырды. Наурыз мерекесі мен қазақтың әдет-ғұрпына байланысты сұрақтарға жауап берумен қатар, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғыртылды. Қыздар тігіс тігіп, ұлдар асық атып, арқан тартудан сайысқа түсті. Абонемент бөлімі тарапынан таратылған  Наурыз көже мен ыстық бауырсақ жиылған қонақтарды мерекелік күйге бөлеп, Наурызды қарсы алуға жан жүректерінің қалыпты соғуына ықпал етті.

Мерекелік сайысқа қатысқан жас ақындардың арасынан Қуаныш Медеубаев пен Рауан Қабидолдин және Назерке Түсіпбекова отты өлеңдерімен көрерменді баурап алса, Мирас Асан мен Алмаз Мырзахмет бата берудің заманагөй озық үлгісін көрсетті. Ал Жәнібек Әлиман, Эльмира Сәбитқызы актерлық қабілетімен көзге түссе, Еркебұлан Елеусізұлы асық атудың хас шебері екендігін дәлелдеді. Ақмаржан Жорабаева мен Перизат Жаңғылышбаева, Салтанат Қайырбек тігіс тігудің соңғы үлгісін ұсынса, Берікбол Ахметов Қасымның «Дариға сол қыз» әнін орындап көрермен көңіліне жол таба білді. Ерболат Куатбек, Өзгеріс Куанар және Ерзат Ермағамбетовтар Наурыз мерекесі мен салт-дәстүрімізге байланысты сұрақтарға дөп  жауап беріп, білімділіктерін танытты.

Осындай қызықты әрі тартысты мерекелік сайыста әділқазылардың шешімімен бір ауыздан «Қасым Аманжолов көшесі» жеңімпаз деп табылды.

Сондай-ақ мерекелік кеш барысында қазақтың белгілі ақыны, сазгер Ерқанат Кеңесбеков  Бауыржан Үсеновтың сөзіне жазылған «Қарлығаш» атты  авторлық әнін көрерменге тарту етті.

Кеш соңында жеңімпаз топтарға ақшалай  сыйлықтар мен арнайы дипломдар тапсырылып, жиылған жастар кеш қонақтарымен мерекелік сахынада естелікке суретке түсіп, жадырап-жайнап тарқасты.

Жәлел Шалқар