Ақын  – пендеден биік, періштеден сәл төмендеу,

тәңірінің тізесінде тұрған құбылыс.

С.Ақсұңқарұлы

2013 жылдың  соңында "Жыр-Жауһар" поэзия клубымен "Қасым"  порталының қызметкерлері бірігіп, қазақтың аяулы ақыны, өмірден ерте кеткен хас талант  Т.Жұмаштың туған ауылы Егіндібұлақ өңірінде арнайы іссапармен барған болатын. Іссапар барысында ақынның басына барып құран бағыштап, жарияланбаған қолжазбаларымен суреттерін алып, ақынның әпкесі Клара Жұмашевадан сұхбат алып оралды. Ал желтоқсан айында Қарағанды облысы жастар саясаты жөніндегі басқармасымен бірігіп  Т.Жұмаш атындағы алғашқы "Қырандар ғана ұшатын биік бар" атты мүшәйра өткізіп, жаңа жыр жинағын басып шығарды.

Биыл табиғатынан талантты ақын, Егіндібұлақ өңірінің тумасы  Тұрсын Жұмаштың жарық дүние есігін ашқанына 55 жыл толуына орайН.В Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында"Жыр-Жауһар" поэзия клубының ұйымдастыруымен   ақын шығармашылығын оқырман қауымға насихаттау, мөлдір жырларынан сусындату, мақсатында 16 ақпан күні "Қырандар ғана ұшатын биік бар" атты еске алу  кеші болып өтті. Тарқата айтсақ...

Аталмыш кешті "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жетекшісі, жас ақын Жәлел Қуандықұлы мен жас ақын Эльмира Сәбитқызы тізгінге алды.

Еске алу кешін "Жыр-Жауһар" поэзия клубының белді мүшелері Е.Қуатбек пен А.Мейраш ақын өмірінен алынған сахналық көрініс көрсетумен бастады. Кеш ұйымдастырушылары дайындаған ақын өмірі мен шығармашылығы жайлы презентация ұсынылды.

Алғашқы сөзді Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегерлері Серік Ақсұңқарұлы алып, өмірден ерте өткен хас талант Т.Жұмаштың жырлары  болашақта қазақ аспанының көгінде болатынын айтып, ақынға арнап жазған "Провинциялық әдебиет" атты өлеңін оқып, поэзияға келген әрбір жас ақын мешітке келгендей пәк болуы керек, мархұм Тұрсын бауырым әдебиетке сондай пәк болып келіп, пәк қалпында өмірден өтті, әттең өзімен жүздесу жазбаған екен деді. Филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақтың белгілі айтыскер ақыны Қойлыбай Асановтар пен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ә.Құтжанұлы сөз сөйлеп ақын туралы естеліктер айтып, осындай игі бастамалардың басы-қасында жүрген жастар аман болсын деп сенім білдіріп, Т.Жұмаштың еш жерде жарияланбаған фотосуреті мен "Шипагер" газетіне жарияланған өлеңдерін ақынның қызы Ләйләға тарту етті.

{youtube}http://www.youtube.com/watch?v=STxP7rZXKjs{/youtube}

Кешке арнайы қонақ ретінде  ақынның  туған-туыстары, атап айтсақ,  қызы Ләйлә, жеңгесі Айгүл, інісі Жомарт  қатысып, өз естеліктерімен бөлісіп ақынның іздеуші жанашырларына шексіз алғыстарын жаудырды. Ақынның қызы Ләйләнің қуаныш көз жастарын көрген халық та қосылып жылап қоя берді.

Қазақтың белгілі ақыны, сазгер Е.Кеңесбеков Ж.Жақыпбаевтың сөзіне жазылған "Ләйлә" атты авторлық әнін көрерменге ұсынып, ақын рухына бағыштаған "Бағыштау" атты өлеңін оқып берді.

Осы ортада "Жыр-Жауһар" поэзия клубының талантты  жас ақындары Е.Қуатбек, Е.Елеусізұлы, Ө.Қуанар, А.Мейраш №61 мектептің оқушысы Әділ Өтемісовтер жарық дүниемен ерте қоштасқан қазақтың біртуар ақындарының өлеңдерін жатқа оқып, образын сомдап көрсетіп,  өздерінің жаңа туындыларын оқыды.

Т.Жұмаш ақынның досы, ҚР ның мәдениет қайраткері, белгілі журналист Е.Балташұлы  мен белгілі жазушы, журналист Сүйіндік Жанысбай сөз сөйлеп, ақын жайлы біраз естеліктер айтып, Егіндібұлақ өңірінен ақын атына көше беріліп, оқыған мектебіне естелік тақтайша орнатылса  ақын рухына жасалған тағзым болар еді деді.

Халықаралық "Шабыт" фестивальінің лауреаттары Руслан Нұрбай, Салтанат Смағұлова және белгілі ақын Сәттібай Жүнісовпен бірге  "Жыр-Жауһар" поэзия клубының алғашқы мүшелері М.Асан, А.Мырзахмет, Қ.Медеубаев, Н.Түсіпбекова, С.Қайырбектер  кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында әңгіме жүргізіп, жырдан шашу шашты.

Кешке №54 мектептің ұстазы жас ақын Қ.Иманбеков өз шәкірттерін ерте келіп, лирикалық өлеңімен жұртты баурап алса, №36 мектептің ұстазы  Айгүл Сағынтайқызы ертіп келген шәкірттері Т.Жұмаштың сырлы өлеңдерін жатқа оқып, көрерменді бір серпілтті.  

Кеш барысында Қарағанды Гуманитарлық колледжінің студенттері, жас талантты әншілер Қуаныш Советов, Берікбол Ахметов, Ерқанат ИмамАғзамдар тарапынан орындалған әндер көрерменді үйіріп әкетіп, кештің көңілді өтуіне елеулі септігін тигізді.

Кітапхана директоры Дина Базарбайқызы сөз сөйлеп, кеш қонақтары мен кеш ұйымдастырушыларына, осы кешке арнай Астанадан келген ақынның қызы Ләйләга  шексіз алғыс білдіріп, естелік сыйлығымен гүлшоғыр табыс етті.

Ал кешті тізгіндеп тұрған жас ақын Ж.Қуандықұлы ақын рухына арнаған "Биіктік" атты атты өлеңін оқып, оның  "Жыр-Жауһар" поэзия клубының жас ақындары мен "Қасым"  порталы атынан облыстық мәслихат басшыларынан Т.Жұмаштың  атына Егіндібұлақ өңірінен көше беруін сұрап жазған мақаласын кешке қатысқан барлық қонақтар қолдап қолдарын қойып берді.

Кеш соңында кешке жиылған барлық қонақтар аты аңызға айналған біртуар ақын Т.Жұмаштың қызы Ләйләмен естелікке суретке түсіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

  Жәлел Шалқар