Ғаламторлық ақпарат өршіп, озық үлгідегі әлемдік техникалар көз жауын алар заманда қала жастарының кітап пен білімге деген құштарлығы, кітапханаға деген қызығушылығы жоғары деңгейден түскен емес. Кітапханамызға күнделікті әртүрлі тақырып пен ақпарат іздеп келіп жатқан қаламыздағы оқу орындарының оқушылары осы сөзіміздің дәлелі іспетті.
Биылғы жылы аталып отырған Қарағанды қаласының 80 жылдық мерейтойына арналған "Менің сүйікті қалам - Қарағанды" атты иллюстративтік кітап көрмесі қаңтар айында қалың көрермен назарына ұсынылған болатын. Аталмыш көрме алғаш күннен-ақ өз оқырмандарын тауып, үлкен сұраныс пен қызығушылыққа ие.
Қаламыздың тарихы мен өмірін ашатын осы көрмемен және де жалпы кітапхана жұмысымен танысып, көкейдегі көптеген сұрақтарына жауап алу мақсатымен 12 ақпан күні кітапханамызға Қарағанды қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары кездесуге келген болатын. Балалар кітапхана қорының қызықты да мазмұнды басылымдарымен танысып, электронды оқырман билетіне қол жеткізіп, кітапхана бойынша саяхат жасады.
Жылдың басты кітап көрмесінде назарға ұсынылған керемет туындылар оқушылардың қызығушылығын тудырды. Еліміздің индустриалды жүрегі болып табылатын қазыналы өңірдің тарихы, өнері мен мәдениеті, білімі мен ғылымы, әдебиеті жайлы толық мағлұматты қамтыған көрмемен қатар, қаламыздың өміріне байланысты суретшілердің үздік туындыларынан кішігірім фотокөрме де ұсынылды. Ал оқушылардың назарына ұсынылған "Өз қалаң туралы не білесің?" атты үш тілдегі викторина балалардың білімдерін молайта түсті. Зияткер оқушылар өз білімдерінің терең, ойларының алғырлығын көрсете отырып, сыйлықтарға ие болды. Жуырда 1 жылдық мерекесін атап өткен мектепке кітапхана ұжымы тың табыстар мен білімді оқушылар тілей отырып, балаларға базарлық ретінде шашу шашты. Кездесу соңында жиналғандар бірлесе "Менің қалам Қарағанды" әнін шырқап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.