Осыдан 80 жыл бұрын 1934 жылы 10 ақпанда Қарағанды тау-кен жұмысшылар поселкесі қала дәрежесін алған болатын.

Тарихи өлшем бойынша қысқа мерзімде біздің қаламыз Қазақстанның аса ірі индустриалдық орталықтарының біріне айналды. Жыл артқан сайын қала ажарланып келеді. Биылғы жылы кеншілер астанасы еліміздің өнеркәсіптік жүрегі болып табылатын Қарағанды қаласына 80 жыл толып отыр.

Мерейтойлы жылы Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында сүйікті қаламыздың тарихы мен даму кезеңдеріне, өнер мен мәдениеттің қайраткерлеріне арналған көптеген қызықты да танымды кездесулер, әдеби кештер, ойындар мен пікірталастар, көрмелер мен әңгімелер өтеді.

2014 жылдың 28 қаңтар күніөткен "Менің сүйікті қалам - Қарағанды" атты кітап көрмесінің тұсаукесері осы іс-шаралардың бастамасы болды.

Аталмыш шараның Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың археология, этнология және Отан тарихы кафедрасы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы өзіндік үлестерін қосты.

Қаланың мерейлі мерекесі аясында өткізіліп отырған шараны кітапхана директоры Д.Б.Аманжолова салтанатты түрде ашып, сүйікті қаламыз туралы молырақ білуімізге мүмкіндік беретін мәдени шаралардың  жоспарымен таныстырып өтті.

Сөз кезегін алған тарихшы ғалымдар Т. Т. Аршабеков, О. С. Шоқатаев Тәуелсіздік таңындағы күннен күнге құлпыра түскен бүгінгі қаламыздың керемет келбетіне қарап, жас жеткіншектер қаланың ескі келбетін, оның дамуының күрделі кезеңін көз алдарына елестете алмауы мүмкін деп, тарихи деректерді қызықтыра баяндап берді. Қарағандының іргесін алғаш қалаған еңбекшілердің, құрылысшылардың ересен зор еңбегі, олардың есімдері әр қала азаматына белгілі боп, олардың іс–қызметін үлгі тұтып, ардақтай білулері тиістігін ортаға салды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Д.С.Шыныбекова оқырмандар назарына қаланың тарихы жайлы видео-ролик ұсынып, қазыналы қарашаңырақ Қарағанды туралы деректі мәліметтермен таныстырды.

Оқырмандардың назарына ұсынылған жылдың басты кітап көрмесіне жасалынған әдеби шолу шараның ажарын аша түсті. Көрмеге қойылған кітаптардың мазмұндылығы, маңыздылығы, құндылығы көпшілік оқырман қауымның көңілінен шығып, кітаптармен қоса қойылған экспонаттар, суреттер қонақтардың қызығушылығын арттырады.

Қызығушылықпен тыңдалған шолудың соңы "Өз қалаң туралы біл, оқы, сүй" атты викторинамен ұласты. Қарағанды қаласы туралы қойылған танымдық сұрақтар жастардың білімдерін молайта түсті. Белсенді қатысушыларға сыйлықтар берілді.

Қаламыздың мерейлі мерекесі аясында өткізілетін шаралардың бастамасы болып отырған бүгінгі кездесуімізден Қарағанды өңірі жайлы терең мағлұмат алған оқырмандар Қарағанды әнін қосыла шырқап, көтеріңкі көңіл күймен тарасты.