Биыл қазақтың қайталанбас ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдық мерейтойы Республика көлемінде атап өтілуде. Осы орайда облысымыз көлемінде де ақын мерейтойына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылуда.
Ақынның арда есімін ұлықтау мақсатында аяқ алған іс-шаралардың бірі желтоқсанның алтыншы жұлдызында қаламыздың беделді білім ордасы №39 мектеп-гимназиясында "Мағжан тағылымы" атты әдеби-сазды кеш болып өтті.
Жиынға Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген мағжантанушы ғалымдар, Алматы мен Тараз қалаларындағы ақын есімін еншілеген мектеп басшылары, қаламыздағы көптеген орта мектептердің ұлағатты ұстаздары қатысты. Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Абзал Бөкен, қазақтың белгілі ақындары Қайрат Асқар, Ілияс Мұқай және талантты жас ақындар Жәнібек Әлиман, Ерболат Қуатбек, Жәлел Шалқар, Өміртай Еділхан және жас алаштанушы Дулат Аманжолдар қатысты.
Әдеби-сазды кеш жиылған меймандардға естен кетпес әсер қалдырды. Ақын өлеңдерінен үзінді оқылып, қаламгер қаламынан тамған әндер орындалды. Бұл бастама осы екпіннен арылмай, Мағжан өмірінен үзінділер сахналандырылып, жас ақындар алып тұлғаға арнау өлеңдерін оқыды. Тілге тиек ете кетейік бұл қазақы қоңыр кешті тек көрермендер ғана емес "онлайн-режимде" шаһарымыздың барлық білім ордалары тамашалады. Шараның шарықтау шегіне таяған тұста қазіргі әдебиеттің қарымды қаламгері Абзал Бөкен бастаған белгілі ақындар нөпірі жас оқырмандар алдында өлеңдерін оқыды.
Рухани әсер қалдырды. Кеш соңында білім шаңырағының директоры Жангелді Базыл жыр кешін өткізуге ат алысқан мәртебелі меймандарға алғыс жариялап, арнайы мадақтама қағаздарын табыстады.
Аталған білім ордасының оқушылары абаданның алып шаһарын құлатпаса да, алған арындарының қарымды екенін танытып берді. Таланттары таңдай қақтырды. Болашақ үшін кәміл сенімдеміз.
P.S Облыстық Н.В.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың жанынан құрылған "Жыр-Жауһар" поэзия клубы да аталған іс-шараға қатысып қайтты. Жүрген жерінен із қалдырып, білім ордасының таланты таңдай қақтырған өршіл жастарын бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Ауыз сөзін түйіндер алдында Орталық кітапхананың да, аталған поэзия клубының да есігі іздеген адамға әрдайым ашық деп хабарлады.
Жәлел Шалқаров.